
Қазақстан шетелден сатып алатын тауарлардың басым бөлігі Ресей мен Қытайдан келеді. 2026 жылдың қаңтар–қыркүйегінде осы екі елден әкелінген тауарлардың құны 29,7 млрд долларға жеткен. Бұл Қазақстанның жалпы импортының 61,4%-ы. Kursiv Media Ұлттық статистика бюросының деректерін талдап, елдің негізгі сауда серіктестерін анықтады.
Тоғыз айда Қазақстан шетелден жалпы 48,36 млрд доллардың тауарын сатып алған. Соның 15 млрд долларға жуығы Ресейге тиесілі. Бұл ел Қазақстан импортындағы 31% үлесімен бірінші орында тұр.
Қытайдың көрсеткіші де соған жақын. Бұл елден 14,67 млрд доллардың тауары әкелінген. Жалпы импорттағы үлесі 30,35%. Ресей мен Қытай арасындағы айырмашылық шамамен 320 млн доллар болған.
Қазақстанға тауар жеткізетін ең ірі 15 ел
млн АҚШ долларыИмпорттағы
үлесі
Үшінші орында – Германия. Қазақстан бұл елден 2,2 млрд доллардың тауарын сатып алған. Оның жалпы импорттағы үлесі – 4,55%. Одан кейін АҚШ келеді: импорт сомасы 1,79 млрд доллар, үлесі – 3,71%.
Алғашқы бестікке Оңтүстік Корея да кірді. Бұл елден 1,16 млрд доллардың тауары жеткізілген.
Түркия мен Өзбекстанның көрсеткіштері бір-біріне жақын: әрқайсысынан шамамен 1,03 млрд доллардың тауары әкелінген. Италиядан импорт көлемі ақшалай есеппен 998,5 млн долларға, Франциядан 904,7 млн долларға, Жапониядан 885,5 млн долларға жеткен.
Негізгі 15 жеткізушінің қатарына Беларусь, Вьетнам, Қырғызстан, Польша және Үндістан да енді. Осы 15 елдің жиынтық үлесі Қазақстанның жалпы импортының 87,7%-ын құрайды.