Кәсіпкер Кеңес Рақышевтың компаниясы 9 айдағы таза пайдасынан дивиденд төлемейді

Жарияланды 17 Қараша 2026 12:24

Үмітжан Бакелекова

Үмітжан Бакелекова

Business news бөлімінің редакторы u.bakelekova@kursiv.media
Фото: kursiv.media архиві

Кәсіпкер Кеңес Рақышевке тиесілі активтерді басқаратын Fincraft Group 2026 жылдың тоғыз айында тапқан таза пайдасынан дивиденд төлемейді. Акционерлердің шешімі қаржы есептілігі депозитариінде жарияланған.

Компания құрылтайшылары 9 айдағы шоғырландырылған қаржы есебін бекітіп, биыл тапқан таза пайдасын холдинг есебінде қалдыруды ұйғарған.

Fincraft Group компаниясының 2026 жылғы қаңтар–қыркүйек айларындағы қаржы көрсеткіштері едәуір өсім көрсетті.

Есепті кезеңде компанияның пайыздық кірісі айтарлықтай артып, шамамен 13,3 млрд теңгені құрады (былтыр бұл көрсеткіш 5,5 миллиард теңге шамасында болатын).

Соның ішінде акционердің қарыздары мен міндеттемелерінен түскен пайыздық кіріс 10,5 миллиард теңгеге жетті. Одан бөлек, компанияның шығарған борыштық бағалы қағаздарының көлемі өткен жылдың соңындағы 15,1 миллиард теңгеден 2026 жылдың 30 қыркүйегінде 343,5 миллиард теңгеге дейін артты.

Бұл ретте жалпы және әкімшілік шығындар оңтайландырылып, 7,4 миллиард теңгені құрады (өткен жылы бұл көрсеткіш 10,5 миллиард теңге еді). Инвестициялық қызмет және активтерді басқарумен айналысатын серіктестіктің жалғыз иесі әрі басшысы — Кеңес Рақышев.

Forbes журналының дерегі бойынша Рақышев Қазақстандағы ең дәулетті кәсіпкерлер тізімінде 27-орында тұр. Оның байлығы 402 миллион АҚШ долларына бағаланған. Миллионер компанияның былтырғы таза табысынан да дивиденд алудан бас тартқан.

Сондай-ақ оқыңыз