
2026 жылдың он айында «ҚазТрансОйл» АҚ-тың шетелдегі активі – Батуми мұнай терминалы арқылы 1 млн 572 мың тонна мұнай жүгі ауыстырып тиелген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,5%-ға (38,5 мың тоннаға) артық.
Өндірістік көрсеткіштердің өсіміне шикі мұнай мен авиакеросинді ауыстырып тиеудің қайта жандануы және бензин тасымалының ұлғаюы ықпал етті.
Атап айтқанда, есепті кезеңде терминал арқылы 262,7 мың тонна қазақстандық мұнай жөнелтілді (былтыр бұл көрсеткіш нөлге тең болған).
Сонымен қатар бензинді ауыстырып тиеу көлемі 31,3%-ға артып, 316,5 мың тоннаны құраса, авиакеросин тасымалы 19 еседен астамға өсіп, 53,5 мың тоннаға жетті.
«Батуми мұнай терминалы» ЖШҚ — «ҚазТрансОйл» АҚ-тың Грузиядағы өндірістік активтерін басқаратын 100 пайыздық еншілес ұйымы.
Биыл Батумидегі терминал 8 жылдан соң әуе отынын жөнелте бастаған. Бұл бағыт Еуропадан Қазақстанға Орта дәліз арқылы отын жеткізудің негізгі тірек нүктесіне айналмақ.