
Қазақстандық кәсіпкер Кеңес Рақышевқа тиесілі БТА банкті Украинаның Nova компаниялар тобы сатып алды. Оның құрамына «Новая почта» пошта қызметі кіреді.
Банкті NovaPay төлем жүйесімен біріктіріп, NovaBank брендімен жұмыс істеуге дайындау жоспарланып отыр.
Forbes Ukraine мәліметінше, БТА банктің банк лицензиясы мен NovaPay-дің технологиялық инфрақұрылымын біріктіру бизнес пен жеке тұлғаларға көрсетілетін қаржылық қызметтер аясын кеңейтуге мүмкіндік береді. Алғашқы кезеңде қызметтер цифрлық форматта ұсынылады. Кейін банк бөлімшелерінің физикалық желісін дамыту көзделген.
Интеграция барысында қазіргі клиенттерге қызмет көрсету шарттары өзгермейді. Олардың қолданыстағы келісімшарттары мен міндеттемелері сақталады.
БТА банктің жарғылық капиталының 100%-ы кәсіпкер Кеңес Рақышевқа тиесілі болған. Ол банкке жанама түрде иелік еткен.
2026 жылғы 12 қарашада Украина Ұлттық банкі Nova тобының иелері Владимир Поперешнюк пен Вячеслав Климовке БТА Банктің 100% жарғылық капиталын бірлесіп сатып алуға рұқсат берген.
Бұған дейін банкті сатып алуға украиналық «Е Гроши» қаржы компаниясының тең иелері Вячеслав Мишалов пен Дмитрий Шевчук те ниет білдірген. Алайда 2 қарашада олар мәміледен бас тартып, Украина Ұлттық банкіндегі келісу рәсімін тоқтатқан. Осыдан кейін Nova тобы банкті сатып алуға үміткер жалғыз тарап болып қалған.
Кәсіпкер БТА банкті 2020 жылдан бері сатуға тырысып келген. Алайда бұған дейін әлеуетті сатып алушылармен жасалған келісімдер банктің меншік иесінің ауысуына байланысты аяқталмаған.
Оқи отырыңыз: БТА банк топ-менеджерлеріне 238 млн теңге сыйақы төлеген