
Биыл тоғыз айда Қазақстанда 3 млн-нан астам адам онкологиялық скринингтен өтіп, олардың 3 мыңнан астамынан қатерлі ісік анықталған. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда скрининг кезінде онкологиялық ауруларды анықтау көрсеткіші 62%-ға артқан.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2025 жылдың осы кезеңінде скрининг нәтижесінде қатерлі ісіктің 1 862 жағдайы тіркелген. Биыл ауруларды анықтау көрсеткіші әсіресе тоқ ішек және тік ішек қатерлі ісігі, сүт безі мен жатыр мойны обыры бойынша өскен.
Атап айтқанда, сүт безі обырының 2 049 жағдайы анықталған. Былтыр бұл көрсеткіш 1 293 болған, яғни 58,5%-ға артқан. Ал тоқ ішек және тік ішек қатерлі ісігі 590 адамнан табылды. Бұл өткен жылғы 330 жағдайдан 78,8%-ға көп.
Жатыр мойны обырының анықталуы да 57,7%-ға өскен. Биыл 377 жағдай тіркелсе, өткен жылы 239 жағдай болған.
Сонымен қатар дәрігерлер 5 295 обыр алды жағдайын анықтаған. Бұл 2025 жылғы көрсеткіштен (3 373 жағдай) 57%-ға жоғары.
Ауруды ерте анықтау көрсеткіші өскен
Министрлік мәліметінше, қатерлі ісіктің I сатысында анықталған жағдайлардың үлесі 70,3%-дан 71,6%-ға дейін артқан. Ал скрининг жасына кірмейтін адамдар арасында анықталған онкологиялық аурулардың үлесі азайған.
Қосымша тексерулермен қамту да кеңейген. Мәселен, скринингтік тест нәтижесі оң болғаннан кейін колоноскопиядан өткен пациенттердің үлесі 54,5%-дан 58,7%-ға өскен.
Жалпы, жыл басынан бері онкологиялық скринингтен 3,23 млн-нан астам адам өткен. Бұл тексерілуге тиіс халықтың 57,1%-ын құрайды.
Тағы да оқыңыз: Алматыда онкогинекологтан тегін кеңес алуға болады