Әлеуметтік желі мен маркетплейсте лицензиясыз дәрі сататындарға шектеу қойылуы мүмкін

Жарияланды 9 Қараша 2026 15:03

Азамат Серікхан

Азамат Серікхан

General news бөлімінің аға журналисі a.serikkhan@kursiv.media
Фото: kursiv.media архиві

Қазақстанда дәріханалармен қатар маркетплейстер мен әлеуметтік желілер арқылы дәрі сататындарға да бақылау күшейеді. Денсаулық сақтау министрлігі лицензиясыз дәрі сататын, тіркелмеген немесе сапасыз препараттарды өткізетін ұйымдарды анықтауға басымдық бермек. Заңбұзушылық анықталса, дәріхананың жұмысын уақытша тоқтату немесе жекелеген дәрілерді сатуға тыйым салу шаралары қолданылуы мүмкін, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Ведомство дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналымына қатысты мемлекеттік бақылау тәртібін өзгертуді ұсынып отыр. Жаңа талаптарды 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізу жоспарланған.

Қандай дәрілердің сатылуына ерекше назар аударылады

Министрлік ең алдымен азаматтардың денсаулығына қауіп төндіретін заңбұзушылықтардың жолын кесуді көздейді. Атап айтқанда, бақылау мынадай жағдайларға бағытталады:

  • тиісті лицензиясыз дәрі-дәрмек сату;
  • Қазақстанда тіркелмеген препараттарды өткізу;
  • жалған және сапасыз дәрілерді сату;
  • құрамында есірткі, психотроптық немесе күшті әсер ететін заттар бар дәрілерді дәрігер рецептісіз босату;
  • фармацевтикалық қызметке қойылатын міндетті талаптарды бұзу.

Мұндай заңбұзушылықтар анықталған жағдайда уәкілетті орган заң аясында шара қолдана алады. Мәселен, дәріхананың немесе ұйымның қызметін уақытша тоқтату, белгілі бір препаратты сатуға тыйым салу немесе оны нарықтан алып қою қарастырылған.

Дәріханаларды қалай тексереді

Өзгерістер тек заңбұзушылықтарды анықтауға ғана емес, тексерулерді жоспарлау тәртібіне де қатысты. Енді дәріханалар мен фармацевтикалық ұйымдардың қауіп деңгейін бағалау кезінде бұрын анықталған кемшіліктер, тексеру нәтижелері, мемлекеттік органдардың деректері және тергеп-тексеру қорытындылары ескеріледі.

Яғни тексеру кезінде барлық ұйымға бірдей назар аудармай, жұмысы азаматтардың денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін нысандарға басымдық берілмек.

Министрліктің мәліметінше, мұндай тәсіл мемлекеттік бақылау ресурстарын тиімді пайдалануға және заң талаптарын сақтайтын кәсіпкерлерге негізсіз жүктеме түсірмеуге мүмкіндік береді.

Өзгерістер қашан күшіне енеді

Қазір Денсаулық сақтау министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігінің бірлескен бұйрығының жобасы әзірленген. Құжат дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар айналымы саласындағы қауіп деңгейін бағалау өлшемшарттары мен тексеру парақтарын жаңартуды көздейді.

Жаңа тәртіпті 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізу жоспарланып отыр. Министрлік бұл өзгерістер дәрі-дәрмек нарығындағы заңсыз сауданы азайтып, азаматтардың сапалы әрі қауіпсіз препараттарға қол жеткізуіне жағдай жасайды деп күтеді.

Сондай-ақ оқыңыз