
Бейімбет Майлиннің «Күлпәш» әңгімесін оқуға он шақты минут жеткілікті. Бірақ одан алған әсеріңіз бірнеше күнге созылуы мүмкін. Ал Ақан Сатаевтың «Күлпәш» фильмін бір жарым сағат көргеннен кейін шығарманы қайта оқығың келеді. Фильмнің кереметтігінен емес, кітаптан алған әсеріңді экраннан таба алмағандықтан.
Ашаршылықты көрсету мен сезіндіру
Ашаршылық – қазақ тарихындағы ең ауыр тақырыптардың бірі. Бейімбет Майлин сол бір нәубетті тұтас халықтың басына түскен қасіретті бір отбасының тағдыры арқылы суреттейді. Жазушыға миллиондаған адамның аштықтан қырылғанын баяндаудың қажеті болмады. Күлпәштің, Мақтымның және кішкентай Қалидың тағдыры арқылы бүтін бір кезеңнің трагедиясын жеткізе алды.
Ақан Сатаев та осыны мақсат еткен секілді. Алайда ашаршылықты көрсету мен оны сезіндіру – екі бөлек дүние. Кейіпкерлердің жүдеу жүзі, жұпыны киімі, қақаған аяз, азықсыз қалған отбасы – мұның бәрі фильмде бар. Бірақ сол көріністердің жиынтығы көрерменге шығарманың қасіретін толық сезіндіре алмайды.
Көрермен шығарманы алдын ала оқуға міндетті ме?
Фильмге Бейімбет Майлиннің шығармасын оқымай, ашаршылық тарихын терең білмей барған көрерменнің туындыны қаншалықты түсінетіні маған қызық. Өйткені фильм тарихи кезеңнің мәнін, кейіпкерлердің басына түскен жағдайдың себептерін жеткілікті деңгейде аша алмайтындай көрінді.
Көрермен кинотеатрға тарихи деректерді зерттеп, әдеби шығарманы оқып баруға міндетті емес. Керісінше, жақсы кино көрерменді сол тақырыпты зерттеуге, шығарманы іздеп оқуға жетелеуі керек.
Қазақтың қасіретін көрсету үшін қазақты тану керек
Фильмде назар аударатын тағы бір жайт. Боран киіз үйдің есігіне қарай соғады.
Ғасырлар бойы табиғатпен етене өмір сүрген қазақ киіз үйдің есігін желдің өтінен ықтатып тіккен. Бұл көшпелі халықтың өмір сүру тәжірибесінен қалыптасқан тұрмыстық білімі. Әрине, желдің бағыты өзгеруі мүмкін. Дегенмен осындай көріністер Ақан Сатаевтың сол кезеңдегі қазақтың тұрмыс-тіршілігін, дүниетанымын қаншалықты терең зерттегені туралы ойландырады.
Фильмдегі тағы бір көңілге қонбаған тұс – ауыл байының баспанасы. Қырық-елу қарасы бар, ашаршылық кезінде бір ауылды асырап отырған Жұмағазының киіз үйі тым шағын көрінді. Қазақ қоғамында киіз үй адамның әлеуметтік мәртебесі мен тұрмыстық жағдайының көрсеткіші болған. Байдың үйі мен кедейдің қараша үйінің айырмашылығы сырт көзге-ақ байқалатын. Режиссер осы ерекшелікті ұтымды пайдалана отырып, сол кезеңдегі әлеуметтік теңсіздікті диалогсіз-ақ жеткізе алар еді. Алайда фильмде мұндай мүмкіндік те толық пайдаланылмағандай әсер қалдырды.
Тарихи киноның шынайылығы костюммен, декорациямен, актерлердің арықтауымен ғана өлшенбейді. Халықтың мінезін, дүниетанымын, табиғатпен қарым-қатынасын, тіпті күнделікті тұрмыстағы ұсақ әдеттерін де білу қажет. Қазақтың қасіретін көрсету үшін әуелі қазақты тану керек.
Майлиннің қаламы Сатаевтың камерасынан қуаттырақ болды
Әдеби шығарманы экранизациялау – жазушы баяндаған оқиғаны сол қалпында экранға көшіру емес. Жазушының сөзбен жеткізген сезімін режиссер кинематографияның тілімен жеткізе алуы керек. Меніңше, Ақан Сатаев осы тұста ұтылды.
Ашаршылық туралы фильмдер көптеп түсірілуі керек. Өткенді ұмытпау, кейінгі ұрпаққа жеткізу үшін мұндай туындылардың маңызы зор. Бірақ тақырыптың ұлт үшін қастерлі болуы фильмді сыннан қорғамауға тиіс.
«Күлпәшті» көріп шыққаннан кейін Бейімбет Майлиннің жазушылық шеберлігіне тағы бір мәрте тәнті боласыз.
Еске сала кетейік, Ақан Сатаевтың «Күлпәш» фильмі прокатқа 11 қараша күні шығуы керек еді. Алайда премьераға 3,5 сағат қалғанда кейінге шегеріліп, 19 қараша күні көрерменге жол тартты.