
Қазақстанда жеңіл өнеркәсіп өндірісі биылғы он айда 60%-ға артты. Былтыр бұл саладағы өсім 20% болған. Соңғы екі жылда жеңіл өнеркәсіпке тартылған инвестиция көлемі де екі есе көбейген. Бұл жайлы үкімет сағатында өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев айтты.
Саладағы өсімді сақтау үшін жеңіл өнеркәсіпті дамытудың бес жылдық кешенді жоспары әзірленген. Ол мемлекеттік сатып алу жүйесін жетілдіру, отандық өнімді өткізу нарығын кеңейту және кәсіпорындарды қаржылық қолдау бағыттарын қамтиды.
«Мемлекеттік сатып алу жүйесін жетілдіру аясында отандық өнімді жеткізу мерзімін төрт айға дейін ұзарту, барлық жеткізушілерге бірыңғай талаптар мен тең жағдай жасау, сондай-ақ отандық шикізатты пайдаланатын өндірушілерді қолдауды күшейту қарастырылып отыр», – деді министр.
Бұдан бөлек, жер қойнауын пайдаланушылармен және квазимемлекеттік компаниялармен бес жылға дейінгі ұзақ мерзімді келісімшарттар жасау мәселесі пысықталып жатыр.
Шикізатты терең өңдеуді ынталандыру үшін бірінші және екінші сұрыпты мақта талшығының экспортына квота енгізу де ұсынылған.
Кәсіпорындарға өндірісті жергіліктендіру жөніндегі келісім аясында жеңілдетілген несие мен салықтық преференциялар беру тетігі әзірленіп жатыр. Мұндай қолдау алған кәсіпорындар өндірісті дамыту және нақты нәтижелерге қол жеткізу бойынша міндеттеме қабылдауы тиіс.
«Жоспарды іске асыру үшін қажетті заңнамалық түзетулер дайындалған. 2030 жылға қарай жеңіл өнеркәсіптегі өндіріс көлемін екі есе арттырып, ішкі нарықтағы отандық өнімнің үлесін 20%-ға жеткізу көзделіп отыр»,- деді министр.
Ерсайын Нағаспаев үкімет сағатында ең көп инвестиция салынған саланы да атап өтті.