
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) қазақстандықтардың несие шарттарын өзгерту жөніндегі өтініштерін қараудың жаңа ережелерін бекітті. Бұл құжат мерзімі өткен берешекті қайта құрылымдау мәселелері бойынша банктердің, микроқаржы ұйымдарының және коллекторлық агенттіктердің қарыз алушылардың өтініштерімен жұмыс істеуінің бірыңғай тәртібін белгілейді. Құжат 4 желтоқсаннан күшіне енеді.
Жаңа ережеге сәйкес, несие төлемі кешіктірілген жағдайда кредитор 10 күн ішінде қарыз алушыға шарт талаптарын өзгерту туралы өтініш беру құқығы бар екенін хабарлауы тиіс.
Өз кезегінде қарыз алушы берешекті қайта құрылымдау, яғни төлемді кейінге қалдыру, бөліп төлеу, сыйақы мөлшерлемесін төмендету, айыппұлдарды алып тастау және басқа да шараларды ұсына алады.
Кредитор түскен өтінішті күнтізбелік 15 күн ішінде қарап, үш шешімнің бірін қабылдайды: қарыз алушының ұсынысымен келіседі не өз тарапынан қарсы ұсыныс жасайды Болмаса себебін түсіндіре отырып бас тартады. Егер тараптар келісімге келсе, шартқа тиісті өзгерістер 15 күн ішінде енгізіледі.
Халықтың әлеуметтік осал топтары мен төтенше жағдайлардан зардап шеккен азаматтар үшін берешекті қайта құрылымдаудың анағұрлым жеңілдетілген шарттары қарастырылған. Оларға ешқандай комиссиясыз, кемінде 3 ай мерзімге жеңілдік беріледі.
Сонымен қатар 2027 жылдың 1 қаңтарынан бірнеше кредитор алдындағы төлем мерзімі 90 күннен асып кеткен қарыз алушылар қаржы омбудсманының платформасы арқылы берешекті ұжымдық реттеуге жүгіне алады. Жалпы қарыз сомасы 150-ден 1600 АЕК-ке дейі жететін борышкерлер өтінін бере алады.
Ал 2027 жылдың 1 мамырынан егер 24 ай ішінде берешекті реттеу рәсімі жүргізілмесе, тұтынушылық несиелер бойынша қарызды коллекторларға беруге шектеу қойылады.
Соңғы жылдары коллекторлардың өндіріп алуына жіберілген қарыз бен микрокредит көлемі қарқынды өсіп жатыр.