
Қазатомөнеркәсіптің 2026 жылғы тоғыз айдағы түсімі 16,4%-ға өсіп, 1,39 трлн теңгеге жетті. Бірақ таза пайдасы 10,2%-ға азайып, 478,7 млрд теңге болды. Компания уранды былтырғыдан көбірек әрі қымбатқа сатқанымен, өнімнің өзіндік құны өсті, ал валюта бағамының өзгерісінен келген шығын ұлғайды. Бұл туралы компанияның тоғыз айлық есебінде айтылған.
Түсімді уран саудасы өсірді
Қаңтар–қыркүйекте компания табиғи уранды былтырғыдан 10%-ға көп сатты. Бір фунт уранның орташа сату бағасы 62,97 доллардан 73,51 долларға көтерілді. Нәтижесінде уран сатудан түскен түсім 17,8%-ға өсіп, 1,28 трлн теңгеге жетті. Топтың әр 100 теңге түсімінің 92 теңгесі уран саудасынан түсті.
Осы кезеңде уранның орташа нарықтық бағасы 87,41 доллар болды. Компанияның сату бағасы одан төмен. Мұның бір себебі – бұрын жасалған ұзақмерзімді келісімшарттардың бір бөлігінде баға бекітілген немесе оның жоғарғы шегі белгіленген. Сондықтан нарықтағы қымбатшылық компанияның сату бағасына толық әсер еткен жоқ.
Өнімнің өзіндік құны түсімнен жылдам өсті
Сатылған өнімнің өзіндік құны 19,2%-ға өсіп, 766,8 млрд теңгеге жетті. Шығынды өсірген ең ірі бап – табыс салығынан бөлек салықтар. Олардың сомасы 73,9 млрд теңгеден 140,3 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Компания шығынның өсуін уран өндіруге салынатын салықтың жаңа мөлшерлемелерімен және уранның нарықта қымбаттауымен түсіндірді.
Жалпы пайда 13,1%-ға өсіп, 621,8 млрд теңгеге жетті. Бірақ түсімнің әр 100 теңгесінен өнімнің өзіндік құнын шегергенде биыл 44,8 теңге қалды. Былтыр бұл көрсеткіш 46,1 теңге еді. Яғни сауда көлемі артқанымен, әр теңге түсімнен қалатын пайда азайды.
Бағам айырмасынан 48,8 млрд теңге шығын шықты
Былтыр тоғыз айда бағам айырмасынан 1,5 млрд теңге шығын шықса, биыл бұл сома 48,8 млрд теңгеге жетті. Компания есебіне сай, доллар бағамы жыл басындағы 505,53 теңгеден қыркүйек соңында 440,86 теңгеге дейін төмендеген.
Бірлескен және қауымдасқан кәсіпорындардың нәтижесінен Қазатомөнеркәсіпке тиесілі пайда да 125 млрд теңгеден 100,2 млрд теңгеге азайды. Осы екі баптың өзі былтырғымен салыстырғанда пайдаға 72,1 млрд теңгеге кері әсер етті. Бұл сатудан түскен жалпы пайданың бүкіл өсіміне шамалас.
Басқармадағы өзгерістер есептен кейін болды
Тоғыз айлық есеп 30 қыркүйекке дейінгі нәтижені қамтиды. Ал Қуаныш Омарбеков пен Владислав Байгужиннің басқармадағы өкілеттігі қарашада тоқтатылды. Сол аптада сатып алу және жалпы мәселелер жөніндегі бас директор Дархан Сағындықов өз еркімен қызметінен кетті.