
Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Алматыға жұмыс сапары барысында 2 және 3-ЖЭО-дағы жаңғырту жұмыстарымен танысты. Ол құрылыс кестесінің сақталуына, жаңа энергетикалық қуаттарды іске қосуға және жобаларды белгіленген мерзімде аяқтауға назар аударды.
Қазір Алматыдағы 2-ЖЭО-ны табиғи газға көшіру жобасының дайындық деңгейі 97%-ға жеткен. Құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталуға жақын, жабдықтарды іске қосу және баптау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жобаны 2026 жылдың соңына дейін толық аяқтау жоспарланған.
Құрылыс алаңында 1 300 маман мен 83 техника жұмыс істеп жатыр. Ұсынылған кестеге сәйкес, стансаның жабдықтарын 25 желтоқсанға дейін толық іске қосу көзделген.
Ал 3-ЖЭО-да заманауи бу-газ қондырғыларын орнату арқылы стансаны қайта жаңғырту жалғасып жатыр. Жоба аяқталған соң оның электр қуаты 543,6 МВт-қа дейін артады. Қазір нысанда 1 050 маман мен 79 техника жұмылдырылған.
Нұрлыбек Нәлібаевтың жұмыс сапары кезінде екінші энергия блогының құрылысын бастауға кедергі келтіріп отырған мәселелер де талқыланды. Атап айтқанда, құрылыс алаңындағы топырақтың инженерлік-геологиялық жағдайы және қолданыстағы жабдықтарды бөлшектеуге қатысты қиындықтар бар. Бұл жайттар дайындық жұмыстарының қарқынына әсер етіп отыр.
Бірінші вице-премьер техникалық мәселелерді жедел шешіп, құрылыс кестесінен кешікпеуді тапсырды. Оның айтуынша, Алматы үшін маңызды бұл жоба мемлекет басшысының тікелей бақылауында.
Жылу электр орталықтарын жаңғырту қаланы энергиямен қамтамасыз ету сенімділігін арттырып, электр өндіру қуатын жаңартуға мүмкіндік береді.
Оқи отырыңыз: Алматыдағы ЖЭО-да алғашқы газ турбинасы іске қосылды