ОПЕК+ 2027 жылдың басында мұнай өндіру квоталарын өзгертпеуі мүмкін

Жарияланды 29 Қараша 2026 15:45

Торғын Қабен

Торғын Қабен

фото: Kursiv Media

ОПЕК+ елдері 2027 жылдың қаңтар–наурыз айларында мұнай өндіру квоталарын қазіргі деңгейде қалдыру жөнінде алдын ала келісімге келген. Бұл туралы Reuters келіссөздерден хабардар дереккөздерге сүйеніп жазды.

Қазақстан квотаны неге көтеруді сұрады?

Альянс бастапқыда 2027 жылға жаңа квоталар белгілеуді жоспарлаған. Ол үшін қатысушы елдердің қанша мұнай өндіре алатынын бағалауға тапсырыс берген. Алайда Қазақстан мен Ирак өздерінің өндірістік мүмкіндігі тым төмен бағаланғанын айтқан. Reuters дерегінше, осы келіспеушіліктен кейін ОПЕК+ елдері бірінші тоқсанда қолданыстағы квоталарды сақтауға бейім болған.

Бұған дейін Kursiv Media Қазақстанның мұнай өндіру квотасын арттыруды сұрағанын жазған. ОПЕК+ министрлерінің кезекті жиыны 29 қарашаға белгіленген. Материал дайындалған кезде жиынның ресми қорытындысы әлі жарияланбаған еді.

Жиын қарсаңында мұнай қанша тұрды?

27 қарашадағы сауда қорытындысында Brent фьючерсі 1,2% арзандап, барреліне 95,44 доллар болды. WTI сәрсенбідегі жабылу бағасынан 0,7% төмендеп, барреліне 83,08 долларға түсті.

Сондай-ақ оқыңыз