Несиені жабуға көмектесемін деген алаяқ әйел 80-нен астам адамды алдаған
Алматыда 80-нен астам адамды алдаған алаяқ әйел ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция қызметкерлері ұзақ уақыт бойы Алматы қаласының аумағында алаяқтықпен айналысқан 1990 жылы туған азаматшаны ұстады.
«Біздің басқарманың тергеу бөлімі азаматтардың алаяқтық фактілері бойынша шағымдарының негізінде бірнеше қылмыстық істі тергеп жатыр. Күдікті Алматыға Ақмола облысынан келген. Тергеу барысында оның 2018 жылдың сәуір айынан бастап аңқау азаматтарды алдап келгені анықталды. Ол өзінің достары мен таныстарының арасында қарыз алушылардың барлық қолжетімді несиелерін жабуға ақылы түрде көмектесемін деген аңыз таратқан. Ол жәбірленушілерден ақша алып, несие алушылардың банктер мен несиелік ұйымдар алдындағы қарызының алғашқы айларын төлеп отырған, келесі айларды төлеу оның ойында да болмаған. Қылмыстық жолмен табылған ақша қаражаттарын алаяқ өз қажеттіліктеріне жұмсаған. Қазіргі уақытта күдіктінің заңсыз әрекеттерінен 80-нен астам азаматтың зардап шеккені анықталды. Бұл фактілер бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігімен (Алаяқтық) тергеу жүріп жатыр. Алаяқ қамауға алынды», – деді Медеу аудандық Полиция басқармасының бастығы Дәурен Өтебаев.