Коронавируспен ауыратындар саны 1,3 есе азайды

Жарияланды
Қазақстан 6 маусымнан бастап жасыл аймақта тұр

Коронавируспен ауыратындар саны 1,3 есе азайды. Бұл туралы primeminister.kz хабарлады.  

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында COVID-19 ауруы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық жағдай туралы мәселе қаралды. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов пен ҚР денсаулық сақтау министрі Алексей Цой баяндама жасады. Министрліктің мәліметі бойынша бүгінгі күні әлемде КВИ-дің 174 млн астам жағдайы тіркелген, тәулігіне 350 мыңнан астам жағдай тіркелуде. 3,7 млн астам адам қайтыс болды, өлім-жітім көрсеткіші –  2,1%.

    «Әлемдік рейтингке сәйкес Қазақстан 221 елдің ішінде сырқаттанушылық көрсеткіші бойынша 105 орында, ал өлім-жітім көрсеткіші бойынша 111-ші орынға ауысты», — деді Алексей Цой.

Қазақстанда 10 маусымға CОVID-19-дың оң нәтижесімен 397 976 науқас және КВИ-дің теріс нәтижесімен 55 999  жағдай тіркелді. Қазақстан 6 маусымнан бастап жасыл аймақта тұр. Қызыл аймақта тек қана Нұр-Сұлтан қаласы қалды. Сары аймақта 6 өңір бар, олар: Алматы қаласы, Атырау, Павлодар, Батыс Қазақстан, Ақмола және Қарағанды облыстары. Бүгінгі күнге жасыл аймақта10 өңір тұр.

      «Жалпы республикада коронавирус инфекциясының төмендеуі жалғасуда. Соңғы аптада өткен екі аптамен салыстырғанда КВИ жағдайларының саны 11 мыңнан 8 мыңға дейін 1,3 есеге төмендеді», — деді денсаулық сақтау министрі.

Министрдің айтуынша, мамыр айындағы жағдаймен салыстырғанда сырқаттанушылық 2,1 есеге төмендеді. Ағымдағы жылғы 10 маусымдағы жағдай бойынша республика бойынша инфекциялық төсек-орындардың бос болмауы 24%, реанимациялық төсек-орындардың бос болмауы 21% құрайды. Мамыр айында сәуірмен салыстырғанда инфекциялық және реанимациялық төсек-орындардың бос болмауы тиісінше 1,9 және 1,5 есе төмендеді.

    «Инфекциялық төсек-орындардың бос болмауының төмендеуі барлық аймақтарда байқалады, оның ішінен Алматы қаласында – 4 есеге, Ақтөбе облысында 3 есеге, Алматы облысында 2,5 есеге, Түркістан және Қызылорда, Жамбыл облыстарда 2 есеге төмендеді», — деді Алексей Цой.

Осылайша, министрдің айтуынша, соңғы айда ем қабылдап жатқан науқастар санының 20 мыңға немесе 2 есе азайғаны байқалады. Министр баяндамасында халықты вакциналау мәселесіне ерекше назар аударды. Бүгінгі күні вакцинаның 3,6 млн дозасы пайдаланылды, оның 1-компоненті бойынша 2 371 178 адам егілді, бұл тиісті халықтың 24%-ын құрайды. Екінші компонентпен 1 264 247 адам қамтылды.

    «Егу пунктерінде вакцинаның саны жеткілікті, бірінші компоненттің 1,2 млн доза, екінші компоненттің 835 мың доза вакцина бар. Вакцинаның жеткізілуі одан әрі жалғасуда», — деді Алексей Цой.

Тұрғындарды белсенді вакциналау және санитарлық шараларды сақтау аурудың деңгейін төмендетуге мүмкіндік берді. Жағдай министрліктің бақылауында. Министр бүгінгі күні республикада коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануы байқалып отырғанын айтты, республика сары аймақтан жасыл аймаққа көшті, сырқаттану болжамның оптимистік сценарийі бойынша дамып жатыр. Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов жалпы елдегі эпидемиологиялық жағдай тұрақты екенін атап өтті.

1 мамырдан бері тәулік сайынғы коронавируспен ауру жағдайлары 0,91%-дан 0,29%-ға дейін төмендеген.

   «Бұған қабылданып жатқан кешенді шаралар, оның ішінде халықты вакцинациялау оң ықпал етуде. Өңірлер вакцинамен толық қамтамасыз етілген. Республика бойынша күн сайын 68 мыңнан аса адам вакцина алуда, оның ішінде 1-ші компонентті 44 мың адам алды», — деді Ералы Тоғжанов.

Алайда, оның айтуынша, барлық өңірлер, оның ішінде әсіресе, Маңғыстау, Ақмола, Қостанай, Батыс Қазақстан, Атырау, Павлодар облыстары, Нұр-Сұлтан қаласы бұл бағыттағы жұмысты күшейтуі қажет.

    «Қазіргі күні медицина қызметкерлері (98%), құқық қорғау органдары (88%) толықтай дерлік вакцина алды. Дегенмен, педагогтер (68%) мен студенттерді (14%), созылмалы аурулармен ауыратын адамдарды (5,1%), өндіріс орындары еңбеккерлерін (21%) қамту деңгейін арттыру қажет», — деп нақтылады ол.

Сонымен қатар Премьер-Министрдің орынбасары «Ashyq» жобасына қатысты туындап отырған мәселені қозғады.  Оның айтуынша, бүгінде жобаға жалпы 9,5 мыңнан аса кәсіпкер қатысуда, 2,1 млн қолданушы қамтылған.  

    «Алайда бүгінде «Ashyq» жобасына қатысушылардың саны Солтүстік Қазақстан (108), Қызылорда (149), Маңғыстау (241) облыстарында төмен деңгейде. Өткен аптада жобаға Павлодар облысында 18 жаңа қатысушы қосылса, Маңғыстауда бірде-бір жаңа кәсіпкер жобаға енгізілмеген. Осымен қатар, «Ashyq» жобасына қосылғанымен оны іс жүзінде қолданбау фактілері тіркелуде», — деді Ералы Тоғжанов.

Ералы Тоғжановтың айтуынша, 21 мамырдан бастап жобаның 633 қатысушысы «Ashyq» қосымшасы арқылы келушілердің иммундық статусын бірде бір рет тексермеген. Яғни, бизнес өкілдері жобаға қосылу арқылы қалыпты жағдайда жұмыс жасағанымен, тиісті талаптарды сақтамай отыр.

   «Осыған байланысты ведомствоаралық комиссияның шешімімен бұл кәсіпкерлер 2 аптаға жобадан шығарылды», — деді вице-премьер.  

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары айтылғандардың негізінде өңір әкімдіктеріне келесі тапсырмаларды беруді нақтылады: өңірлер халықты вакциналау қарқынын арттыруы бойынша нақты шаралар қабылдауы қажет. Бұл бағыттағы жұмыстарды әкімдер жеке бақылауына алуы тиіс; бизнес субъектілерін «Ashyq» жобасына тартуды күшейту қажет; «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірге «Ashyq» жобасына қосылған кәсіпкерлер арасында қабылданған талаптарды сақтау бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізу қажет;  кәсіпкерлік субъектілері тарапынан қызметін заңсыз жүргізуді болдырмау мақсатында мониторинг топтарының жұмысын күшейту қажет.

Сонымен қатар Ералы Тоғжанов елімізде сырқаттанушылық деңгейінің төмендеуімен бірге халықтың вакцина алудағы белсенділігі де төмендейтінін айтты.

   «Сондықтан жергілікті атқарушы органдар халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жандандыруы тиіс», — деді Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов.

 

Сондай-ақ оқыңыз