Нұр-Сұлтандағы сауда желілеріне 2,4 млрд теңге ақша бөлінеді

Жарияланды
Қомақты сома азық-түлік бағасын тұрақтандыру шараларына бөлінді

Сауда желілерін кеңейту және жеңілдікпен кредиттеу, тұрақтандыру қорын қалыптастыру, ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін өткізу. Елорда әкімі Алтай Көлгінов ҚР Үкіметі отырысында Нұр-Сұлтанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша қолға алынып отырған шараларды атады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің сайты хабарлаған.

  «Бірінші…. «Айналым тетігі» жобасы жалғасын тапты. Сауда желілеріне азық-түлік сатып алуға бөлінетін сома 180 млн теңгеден 2,4 млрд теңгеге дейін артты (он үш еседен астам). Бұл 16 өнім түрінің бағасын ұстап тұруға мүмкіндік береді. Егер бұрын жобаға сауда желілерінің 4 объектісі қатысса, қазір 12-ге дейін көбейді: Магнум, Астықжан, Кенмарт, Вкусмарт, А2, Метро, Анвар, Рахмет, Ақмол, Смолл, Артем, Шапағат.Сонымен қатар, бағаны бекіту кезеңі бір жылға дейін созылды. Отандық тауар өндірушілермен тікелей 700 млн теңгеден астам сомаға 3 форвардтық келісімшарт жасалды.

Екінші. Тұрақтандыру қоры құрылды. «Әлеуметтік нан» бағасын тұрақтандыру үшін жергілікті бюджеттен қосымша 700 млн теңге бөлінді. Бұл сондай-ақ наубайханалардың жұмысын қолдауға мүмкіндік береді.

Үшінші. 5 қыркүйектен бастап, әр демалыс күндері біз 12 қазанға дейін ауылшаруашылық жәрмеңкелерін өткіземіз. Өнімді 12 өңір алып келеді. Екі демалыс аптасында нарық бағасынан төмен бағамен 1 мың 200 тоннадан астам өнім сатылды.

Төртінші. Жеке инвестицияларды тарту есебінен қажетті министрліктермен бірлесіп қалада үш көтерме-тарату орталығын салуды жоспарлап отырмыз. Олар әсіресе маусымдық сұраныс кезеңінде, әлеуметтік маңызы бар азық – түлік бағасын ұстап тұруға мүмкіндік береді», – деп қорытындылады елорда әкімі Алтай Көлгінов.
 

Сондай-ақ оқыңыз