Карантин кезінде елордалық клубта 400 адам болған

Жарияланды
261 жеке және заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды

Нұр-Сұлтанда мониторингтік топтар күшейтілген жұмыс режиміне көшірілді. Карантиндік шектеулердің бұзылуын анықтау және болдырмау үшін рейдтер елорданың барлық ауданында өткізіледі. Осылайша, мониторинг тобы «BHB» барында жұмыс режимінің бұзылуын анықтады. Түн ортасынан кейін мекемеде 400-ге жуық адам болды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Оқиға орнына сағат 00.19-да келген мониторингтік топ «BHB» барының жұмыс режимі туралы елорданың санитарлық дәрігерінің қаулысының талаптарын бұзып, жұмысын жалғастырып жатқанын анықтады. Сонымен қатар, мекемеде бір уақытта әлеуметтік қашықтық пен маска режимін сақтамаған 400-ге жуық келуші болды. Жиналған материал кәсіпкерлік субъектісін жауапкершілікке тарту үшін тиісті органдарға берілді.

Айта кетейік, 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап елорданың санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына 287 шұғыл хабарлама келіп түсті. Олардың негізінде кәсіпкерлік субъектілеріне карантиндік шектеулерді бұзу ісіне қатысты жоспардан тыс 280 тексеру жүргізілді.

Олардың қорытындысы бойынша 60,5 млн теңгеден астам сомаға 261 жеке және заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Санитарлық-эпидемиологиялық тексеру қызметкерлері мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотқа бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманы орындамайтын 47 «қасақана бұзушыға» қатысты 54 материал жіберді.

Сот объектілердің қызметін тоқтату туралы 28 жеке және заңды тұлғаға қатысты әкімшілік шаралар қабылдады.

Бүгінгі таңда 13 кәсіпкерлік нысанының қызметі тоқтатылды. Олар: «Тeukila» караоке-бар, «ZOLOTO» мейрамханасы, «Stories» (қазіргі уақытта «Два грузина») лаундж-бары, «Abba» лаундж-бары, «Алания» түнгі клубы, «Echo» лаундж-бары, «Жаным сол» караоке-бары, «Echo» лаундж-бары, «Kango» батут орталығы, «Ginza» ресторан-караоке, «Alanya» ресторан-караоке, «Nirvana» бар, «Лото-клуб».

Алайда ҚР заңнамасының талаптарын қасақана елемеу және кәсіпкерлік субъектілері нысандарының қызметін және жұмыс режимін тоқтату туралы сот және сот орындаушыларының қаулыларын орындамау фактілері бар екенін атап өткен жөн.

Осылайша «Алания» түнгі клубы сот орындаушысының кіру есіктерін мөрлеп, сумен жабдықтауды өшіргеніне қарамастан, 2021 жылғы 7 наурызда сумен жабдықтауға жекелей қосылып, жұмысын жалғастырды.

Мониторингтік топ «Tekuila» караоке-бары сот қаулысын бұзды деп айыптады. Мекеме иелері сот орындаушысы салған пломбаларды үш рет жыртып, сумен жабдықтауды дербес қосқан.

«Echo» лаундж-бары да пломбаны жұлып алып, жұмысын жалғастырды. Заң бұзу фактісі 2021 жылдың 6 наурызында анықталды.

Өз кезегінде «Nirvana» бары да пломбаның бұзылуына және жұмыстың заңсыз қайта жанданғанына байланысты айыпталды.

Кәсіпкерлік субъектілері тарапынан орын алған қасақана бұзушылық фактілері туралы хаттар ҚР заңнамасын бұзушыларды жауапкершілікке тарту бойынша пәрменді шаралар қабылдау үшін Әділет департаментіне, қалалық Прокуратураға жолданды.

2021 жылғы 10 наурызда сот қаулыларының орындалмауына байланысты аға сот орындаушысы «Tekuila» кафе-бары мен «Alanya» караоке-мейрамханасын сумен жабдықтаудан және электр қуатынан ажыратуды жүргізді.

Естеріңізге сала кетейік, 10 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан қаласы эпидемиологиялық жағдай бойынша «қызыл аймаққа» енді. Карантиндік шектеулерді бұзушылықтарды анықтау және болдырмау бойынша мониторингтік топтардың жұмысы күшейтілген режимге ауыстырылды.

Сондай-ақ оқыңыз