Дамушы нарықтар валюталарының серпіні теріс болды
Сауда-саттық қорытындысы бойынша, 26 қарашада теңгенің нарықтық бағамы бір апта ішінде 0,1%-ға (430,43 теңгеден) әлсіреп, бір АҚШ доллары үшін 431,07 теңге деңгейінде қалыптасты. Дамушы нарықтар валюталарының серпіні теріс болды. Бұл туралы ҚР Ұлттық Банк баспасөз қызметі хабарлады.
Оңтүстік Африка Республикасында ДДҰ қауіптеніп отырған Covid-19-дың жаңа штамының табылғаны туралы хабарлар тәуекел-сентиментінің күрт нашарлауына алып келді. АҚШ ФРЖ-ның соңғы отырысының жарияланған хаттамасында комитет мүшелерінің монетарлық қолдауды барынша тез тоқтатуға дайын екені туралы айтылды.
Дамушы елдер валюталарының АҚШ долларына қатысты бағамдарының[1] серпіні төмендегідей қалыптасты:
Бразилия реалы инфляцияның Орталық банктің таргеттелетін дәлізінен шығуы жөніндегі болжамдарға байланысты мөлшерлемелердің одан әрі көтерілуін күту аясында 0,2%-ға (5,61-ден 5,6-ға дейін) нығайды;
үнді рупиясы инвесторлардың тәуекелден кетуіне орай АҚШ доллары бағамының жаһандық нығаюы аясында 0,8%-ға (74,24-тен 74,87-ге дейін) әлсіреді;
Индонезия рупиясы тәуекел-сентименттің нашарлауы аясында 0,9%-ға (14 232-ден 14 358-ге дейін) әлсіреді;
Ресей рублі мұнай бағасының құлдырауы мен геосаяси тәуекелдердің өсуі аясында 2,9%-ға (73,49-дан 75,61-ге дейін) әлсіреді;
Оңтүстік Африка ранды коронавирустың жаңа штамы айналасындағы алаңдаушылықтың артуына байланысты 3,6%-ға (15,73-тен 16,29-ға дейін) әлсіреді;
Мексика песосы қазіргі қаржы министрінің орынбасары Виктория Родригес Сеханы Мексика Банкінің басшысы лауазымына ұсыну жөніндегі жаңалықтар аясында 5,2%-ға (20,83-тен 21,92-ге дейін) әлсіреді, бұл өз кезегінде Banxico-ның тәуелсіздігіне күмән келтіреді;
түрік лирасы Орталық банктің жуырда пайыздық мөлшерлемені төмендеткенін қолдаған ел президенті Режеп Тайып Ердоғанның мәлімдемесінен кейін 9,3%-ға (11,29-дан 12,34-ке дейін) әлсіреді.