Елордалық дәрігерлер қала тұрғындарына үндеу жасады

Жарияланды
Нұр-Сұлтан қаласының инфекциялық стационарларында 2903 науқас жатыр

Ковидтік ауруханаларда өздігінен демалуға әлі жоқ 40 адам өкпені жасанды желдету аппаратында жатыр. Мұндай жағдай елордалық дәрігерлерді алаңдатып отыр, ақ халаттылар қала тұрғындарын сақ болуға, карантин мен шектеу шараларын бұзбауға шақырады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

  «Тек өткен тәулікте ғана инфекциялық стационарларға 178 адам жатқызылды. Төсектер бірден толып жатыр! Әрбір екінші науқасқа оттегі концентраторы қажет, олар инвазивті емес желдету астында жатыр. Ал жағдайы тым нашарлар өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған», — дейді жұқпалы аурулар ауруханаларының медицина қызметкерлері.

Дәрігерлер жағдайы ауыр науқастардың басым бөлігі екпе алмаған, онымен қоса санитарлық талаптарды елемей, салтанатты іс-шараларға қатысқан немесе ұйымдастырған азаматтар екенін айтады.

 «Бізде бір ерлі-зайыптылар болды. Тексеру жүргізген кезде, олар жақында ғана адам көп жиналған мерейтойға барғанын мойындады. Көздеріне жас алып, ешқайда шықпағанымыз дұрыс болар еді деп өкінішін білдірді. Өйткені ол кезде күйеуінің жағдайы тым нашар еді. Денсаулықпен ойнамау керектігін тағы да еске салғым келеді. Егер сіз санитарлық нормаларды сақтамасаңыз және екпе алмасаңыз, онда «маған ауру жұқпайды» деп еркін жүре беруге болмайды», — дейді ковидтік ауруханалардың бірінде жұмыс істейтін жұқпалы аурулар дәрігері Гүлбақыт Адижанова.

2 тамыздағы жағдай бойынша Нұр-Сұлтан қаласының инфекциялық стационарларында 2903 науқас жатыр. Реанимацияда 260 адам, 40 пациент ӨЖЖ аппаратына қосылған. Қазіргі уақытта COVID-19-бен күресу үшін қалада 16 стационар және 6 мыңнан астам медицина қызметкері жұмылдырылған.
 

Сондай-ақ оқыңыз