Петропавл тұрғынына орынсыз әзілі үшін айыппұл салынды
Жарияланды
Ол “102” телефонына адам өлімі туралы жалған ақпаратпен қоңырау шалған
Петропавл қаласының 48 жастағы тұрғыны «102» телефонына адам өлімі туралы жалған ақпаратпен қоңырау шалған, – деп хабарлайды Polisia.kz сайты.
Шақырылған мекенжайға дереу жеткен полиция қызметкерлері пәтерде мас келіншек пен екі ер адамның бар екенін анықтаған. Әйел отырыста адам өлімі туралы әзілдеп, көңіл көтермекші болған. Тексеру барысында әйелдің мұндай әрекетке бұған дейін де барғаны белгілі болды. Наурыз айында ол осындай құқық бұзушылық жасағаны үшін жауапқа тартылған болып шықты.
Құқық бұзушы келіншек ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 438-бабының 2-бөлігі (Арнаулы қызметтердi көрiнеу жалған шақыру) бойынша жауапқа тартылды. Оған енді 80 мың теңгеден астам айыппұл төлеуге тура келеді.