Жезқазғандағы жанжалдың себебін тергеу анықтайды
«Қазақмыс» корпорациясы тау-кен байыту комбинатының бас директоры Амангелді Мініғұлов пен «Қазақмыс»Корпорациясы» ЖШС-нің дамужөніндегі директоры Сабыржан Тембаев жарақат алып, «Кәсіп Қорған» кәсіподақ ұйымының төрағасы Тоғызбай Тәжбенов қаза болған, Жезқазғанда орын алған жанжалдың себебін тергеу анықтайды.
«Қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүзеге асырылып жатыр … Барлығы тергелуде: қандай себепен, қандай мақсатпен жасалғаны. Тергеу органдары орын алған жағдайға жан-жақты баға берген соң ғана, біз сіздерге тергеу қорытындыларын хабарлай аламыз», – деді 22-қаңтарды Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов.
Ахметжанов істі іс жүргізу жөніндегі тиісті прокурордың бақылауға алғанын атап өтті.
Оның айтуынша, егер Тоғызбай Тәжбеновтың өзіне өзі қол салғаны анықталса, тергеу тезірек жүргізілетін болады.
Бұған дейін ақпарат құралдарында «Қазақмыс» ЖШС кен-байыту кешенінің бас директоры Амагелді Мініғұловқа шабуыл жасалғаны туралы ақпарат тараған еді.
А.Мініғұлов пен кәсіпорынның дамыту жөніндегі директоры С.Тембаевқа «Кәсіп Қорған» кәсіподақ ұйымының басшысы Тоғызбай Тәжбеновтың пышақ сілтегені хабарланған болатын.
Бас директормен сөзге келіп қалған кәсіподақ басшысы 5 минуттан соң, қарумен қайта оралып, оқ атқан. Атқан оғы тимеген соң, пышақ ала жүгірген. Тоғызбай Тәжбенов сол жерде өзіне өзі қол салған.
Бұдан бұрын Kursiv.kz жазғандай, «Қазақмыстың» бас директорына жасалған ота табысты өткен болатын.