Мүгедекттер және асыраушысынан айрылғандар жәрдемақы түрінде 97 млрд теңге алды
2021 жылғы қаңтар-наурыз айлары аралығында республикалық бюджеттен мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы төлеуге 77 млрд теңге, асыраушысынан айрылу жағдайына 20,5 млрд теңге бағытталды. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
2021 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушылардың саны 524,3 мың адамды, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша 168,8 мың адамды құрайды.
Мүгедектік және асыраушыдан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері мүгедектіктің тобы мен себебіне, қайтыс болған (қаза тапқан) асыраушысының асырауындағы адамдардың санына, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған «Республикалық бюджет туралы» заңда белгіленетін ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасына байланысты болады.
2021 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының орташа мөлшері 49 502 теңгені, асыраушыдан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының орташа мөлшері 41 369 теңгені құрады.