Тері экспортының әлеуеті қандай?

Жарияланды
Тері өңдеу деңгейі көңіл көншітпейді

Қазақстан белсенді экспорттап отырған өнімнің бірі – мал терісі. 2021 жыл басталғалы бес ай ішінде отандық иленген былғары мен ірі қара малдың терісінен жасалған былғары крастын сатудан түскен экспорттық табыс 2,4 млн долларға жеткен. 2020 жылмен салыстырғанда 73,3 пайызға жоғары деп бағалайды мұны индустрия министрлігі. 

QazIndustry орталығының дерегіне сүйенсек, былғары илеу және өңдеу кәсіпорындары еліміздің 11 өңірінде орналасқан. Осы саладағы кәсіпорындардың көпшілігі Шымкент қаласында шоғырланыпты. Үшінші мегаполисте былғары илеп, тері өңдеумен айналысатын 7 кәсіпорын бар екен. Сондай-ақ, өндірушілер Алматы, Қостанай, Жамбыл, Ақтөбе, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарында және республикалық маңызы бар Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында да бар. Қазіргі кезде ел аумағында 1 орта кәсіпорын – Almaty Tannery ЖШС – Алматы қаласында және 27 шағын бизнес кәсіпорны жұмыс істеп тұр. 

«Ірі қара мал терісінен жасалған былғары өндірісінің көлемі 2021 жылдың 6 айы ішінде 54 млн шаршы дециметрді құрады,  былтырмен салыстырсақ 15,2 пайызға жоғары. Жергілікті нарықта отандық былғарыны аз мөлшерде аяқ киім өнімдерін (негізінен әскери және арнайы аяқ киім үшін) және былғарыдан жасалған тауарларды (сөмкелер, белдіктер) өндірушілер сатып алады, қалғаны – экспортталады» деп хабарлайды индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі.

Қазақстандық теріні импорттап отырған мемлекеттер – Қытай, Үндістан, Италия, Түркия, Украина және Испания сияқты елдер. 

Жалпы, тері өндірісін елдегі серпінді дамыған салаға жатқыза алмаймыз. Бұл өндірістің әлі де болса шаруасы шайқалып, бір ізге түсе алмай тұр. Қазақстан малдан кенде емес. 6 миллион ірі қара мен 16 миллион ұсақ мал бар. Алайда сойылған мал терісі өңделмеген күйі сатылып кетіп жатады. Кей деректер бойынша жыл сайын 7 млн тоннадан астам тері шикізат күйінде шекара асырылады. Яғни, қаншама өндіріске қажетті шикізатты пайдаланбаған күйі сатып жібереміз. 2020 жылы қаңтар мен маусым аралығында 5,5 млн ірі қара, жылқы және ұсақ малдың терісі алыныпты. Бірақ осыншама өнімнің 0,7 пайызы ғана өңдеу орындары мен сауда нүктелеріне жеткізілген. Нарықта тері тым арзан бағаланатындықтан мал иелері оны сатып, пайда көру жайлы ойланып та жатпайды. 

Қазақстан жеңіл өнеркәсіп қауымдастығының президенті Любовь Худованың айтуынша, елдегі комбинаттардың жүктемесі 20 пайыздан аспайды. Кәсіпорындардың жұмысты жапырып жатыр деген дүрдиген аты ғана. Терімізді тиын-тебенге сатып алатын Қытай оны шала-пұла өңдеп, тез тозатын, арзанқол аяқ киім немесе басқалай өнім етіп өзімізге сатады дейді сарапшы. 

2020 жылы ірі қара мен жылқының 749 тонна, қой мен ешкінің 19,8 мың тонна терісі өңделмеген күйі экспортталыпты. Дегенмен өңдеусіз терінің сатылуы алдыңғы жылдармен салыстырғанда біраз азайғанын байқаймыз. Себебі, 2019 жылы қой мен ешкі, ірі қара мен жылқы терілерінің шикізат күйінде сатылуы 50 мың тоннадан, 2018 жылы 100 мың тоннадан асып түскен еді. 

Кәсіпкер Жәнібек Сәрсенбаевтың айтуынша, былтыр 6 айда ірі қара, жылқы, ұсақ малдан қабылданған 5,5 млн терінің 1 пайызы ғана өңделіп, ашық базарға шығарылыпты. Бізде әлі күнге теріні сыпыратын қондырғының қолданылмай отырғаны да шаруаға қолбайлау.  

«Жеңіл өнеркәсіптегі тепе-теңдікті сақтау үшін Қазақстан тұтыну көлемінің 30 пайызы мөлшерінде өнім (киім және аяқ киім) шығаруы керек. Егер бұл үлес төмен болса, онда жеңіл өнеркәсіп саласы мүлдем құрдымға кетуі мүмкін. Алдын ала есептеулер бойынша, жыл сайын қазақстандықтарға кем дегенде 55 млн жұп аяқ киім қажет. Демек, біз шамамен 20 млн жұп өндіруіміз керек, ал жылдық көрсеткіш бар болғаны 1 млн жұп аяқ киім. Яғни, біз қажеттіліктің бар болғаны 1,8 пайызын өтеп, қалғанын импортпен жауып отырмыз. Бұл аяқ киім өнеркәсібі үшін апатты жағдай» дейді «Тараз былғары аяқ киім» ЖШС бас директоры Еркебұлан Ералы.

Сондай-ақ сарапшылардың айтуынша, өңделмеген теріні сату үшін не болмаса өңдеу орындарына жеткізу үшін де малдың сәйкестендіру нөмірі қажет екен. Яғни, сиыр немесе жылқы бірыңғай ветеринарлық базада тіркелуі керек. Алайда ауылдарда бұл мәселе жолға қойылмаған, база реттелмеген. Реттелді деген күннің өзінде деректер дұрыс толтырылмаған. Әрине, мұның бәрі сектордың алдынан кес-кестеп шығар кеселді проблемаға айналып тұр.  

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2020 жылы елдегі сиыр басының саны 7,8 млн болған. Жылқы саны 3,1 млн шамасында. Сондай-ақ елде 20 млн қой мен ешкі бар. Ал биыл болған елдегі қатты қуаңшылық салдарынан Маңғыстау мен Қызылорда облыстарында 1714 мал басы өлген. Мұндай деректі ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеев мәлімдеді. Бұған дейін белсенді Алмасбек Садырбаев қуаңшылықтан 3 миллионнан астам мал қырылады деген. Ведомство өз кезегінде бұл болжамды жоққа шығарып отыр. 
 

Сондай-ақ оқыңыз