Ел астанасында төтенше жағдай жарияланды

Жарияланды
«Тұтыну нарығы» бөлімінің редакторы
Қазақстанның басқа аймақтарында да ТЖ енгізілуі мүмкін

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ІІМ вице-министрі Юрий Ильин бірқатар аймақтарда қолайсыз ауа райына байланысты қалыптасқан жағдай туралы айтып берді.

«Нұр-Сұлтанда төтенше жағдай жарияланды, ол әділет басқармасында тіркелді. Қазіргі кезде тағы 6 аймақтағы жағдайға байланысты комиссия отырысы өтеді. Олардың арасында Ақмола, Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстары бар», – деді Ильин.

Төтенше жағдайдың жариялануына  тіршілікті қамтамасыз ету жүйесінің бұзылуы, тұрғындардың жұмыс пен үйге дер кезінде жете алмауы, азық-түлікпен қамтамасыз ету  пен медициналық қызмет көрсетудің қиындауы себеп болған.

ІІМ вице-министрінің айтуынша, төтенше жағдай енгізу туралы шешімді әкімдер өңірдегі жағдайға байланысты қабылдайтын болады.
Елорда әкімдігі ауа райы жақсармаса, ертең де төтенше жағдай режимі сақталатынын хабарлады.

Бұған дейін Нұр-Сұлтан қаласы бойынша төтенше жағдайлар департаменті ауа райының күрт қиындауына байланысты тұрғындардың жұмыс уақытын қысқартуды ұсынған еді.

Сондай-ақ оқыңыз