Мемлекет банктерді шектен тыс жарылқап жіберген жоқ па?

Жарияланды
Сарапшылар Тоқаевқа айтылған ұсынысты неліктен қолдамай отыр?

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің кезекті отырысында кеңес мүшесі Арман Қашқынбеков екінші деңгейлі банктерді корпоративтік табыс салығынан босату туралы және базалық пайыздық мөлшерлемені төмендету жайлы ұсыныс айтты. Осыған орай сарапшылар пікірін зерделеп көрдік. 

«Zertteu Research Institute» қоғамдық қорының сарапшысы Ғалымжан Оразымбет әлеуметтік желідегі парақшасында ҰҚСК мүшесінің бұл ұсынысын қисынсыз деп жазады. Оның айтуынша, осыған дейін де Ұлттық қордан миллиардтаған теңге алған банктерді қолдауды мемлекет тоқтатуы керек. Сарапшы қоғамдық сенім кеңесі банктердің лоббисіне айналып бара жатқандай деп жазады. 

Мәселеге телеграмдағы Risk Takers каналы да назар аударып, пікір білдірген. 

«Елімізде таңқаларлық идеялар тыңдалатын жаңа консультативтік-кеңесші органдар көбейіп келеді. Біздің ойымызша, бұл консультативтік топтар мемлекетке және салық төлеушілерге зиян тигізеді. Жақында популистер тобы зейнетақы ақшасын мерзімінен бұрын алу идеясын өткізіп жіберді. Енді бұл идея бізді алдағы 15 жылда ауыр әлеуметтік дағдарысқа әкелуі мүмкін.  Мұндай ұсыныстар банк секторының тағы бір лоббиіне ұқсайды және біз популистік бастамаларды қолдамаймыз. Мұндай ұсыныстарды жоғары мінберден бірнеше рет банк секторы туралы көп білмейтін немесе банктерде жұмыс істеу тәжірибесі жоқ «сарапшылар» енгізеді. Базалық мөлшерлемені төмендету туралы ұсынысқа келсек, идея авторларының экономика саласындағы құзыреттілігінің төмендігін және базалық ставка бойынша шешім қабылдау туралы түсініктің жоқтығын байқаймыз»,– деп жазады канал.

Экономист, GSB UIB директоры Мақсат Халық карантинге қарамастан банктер жақсы пайда тапты, сондықтан оларды қолдай беру қисынсыз деді. 

«Мен бұл ұсынысты қатты қолдамаймын. Өйткені банктер пандемиядан қатты зардап шеккен салалар қатарына кірмейді. Корпоративті табыс салығы – 20 пайыз, әрине банктер ол 20 пайызды төлемейтін болса біраз табысқа кенеледі ғой. Осы тұрғыдан келген кезде белгілі бір мүдделі азаматтардың, лоббилік топтардың осы идеяны алға тартып жатқаны байқалады. Қазіргі жағдайға қарасақ, минусқа кіріп кеткен банктер өте аз. Көпшілігі табысты. Tengri Bank лицензиясынан айырылды, одан соң табысты қызмет етпей отырған Capital Bank Kazakhstan, AsiaCredit Bank сияқты банктер бар. Осындайды ескере отыра әлгіндей қолдау жасау қажет емес»,– дейді сарапшы. 

Бірақ экономист Арман Қашқынбековтың базалық пайыздық мөлшерлемені төмендету туралы ұсынысын қолдайды. 

«Бұл ұсыныс жүзеге асуы керек. Егер базалық мөлшерлеме төмендейтін болса, тек тұтынушылық несие ғана емес, ипотекалық несие де төмендейді әрі бизнес үшін де арзан ақша пайда болады. Биыл бізде инфляция 7 пайыздан асып тұр, жыл соңына дейін 8 немесе одан да асып түсуі мүмкін. Сондықтан биылға базалық мөлшерлемені 9 пайыз деңгейінде қалдырып, бірақ келер жылдан бастап 8-ге, 7-ге түсіру орынды болар еді. Себебі, осылай істеу арқылы бизнесті қаржыландыруға байланысты банктерді ынталандырамыз. Арзан ақшаға қол жеткізген бизнестің екінші тынысы ашылып, іскерлік белсенділіктері дамиды»,– дейді экономист. 

Айтпақшы, Мақсат Халықтың айтуынша, бір жағдайда ғана банктерді корпоративті табыс салығынан босатуға болады. 

«Заң бойынша банктер қоя алатын жылдық тиімді пайыздық мөлшерлеме 56 пайыз. Бірақ биыл осы 56 пайыздық межені шағын несиелік ұйымдарға да міндетті етіп тастады. Шағын несиелік ұйымдар бұрын 700-800 пайызға дейін қоя алатын. Меніңше, ендігі кезек банктерге де келіп отыр. Егер базалық пайыздық мөлшерлеменің шегі 7 пайызға дейін төмендесе, онда тиімді пайыздық мөлшерлемені банктер үшін 56 пайыз мөлшерінде ұстаудың қажеті жоқ. Оны тіпті 36 пайызға дейін түсіруге болады деп санаймын. Әрине, банк қызметкерлері бұл ұсынысыма шошып қарайтын шығар. Алайда көп нәрсеге реалды түрде қарау керек. Халық үшін, бизнес үшін төмен пайыз аса қажет. Егер банктер 36 пайызға дейін түсіруге келіссе, сонда ғана оларды 20 пайыздық корпоративтік табыс салығынан босатуды қарастыруға болады»,– дейді Мақсат Халық.  

26 қазан күні тараған ресми ақпарат бойынша, Ұлттық банк базалық пайыздық мөлшерлемені биыл 9 пайыз деңгейінде қалдырмақ. 

«Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі базалық мөлшерлемені пайыздық дәлізді +/-1,5 п.т. сақтай отырып жылдық 9,00% деңгейінде сақтау жөнінде шешім қабылдады. Тиісінше, өтімділікті беру жөніндегі тұрақты қолжетімді операциялар бойынша мөлшерлеме 10,50% және өтімділікті алу жөніндегі тұрақты қолжетімді операциялар бойынша мөлшерлеме – 7,50% болады.Базалық мөлшерлеме бойынша келесі шешім алдағы «қараша-желтоқсан» болжамды кезеңінің нәтижесі бойынша қабылданады және инфляция бойынша жаңартылған болжамдарға және қалыптасып отырған серпін мен коронавирус пандемиясының жалғасуына қарай басқа да макроэкономикалық көрсеткіштерге негізделетін болады, бұл монетарлық талаптардың экономикада күтілетін және нақты қалыптасып жатқан жағдайға сәйкестігін талдауға, сондай-ақ 2021 жылы инфляция бойынша мақсатқа жету ескеріле отырып, мөлшерлемені төмендету үшін кеңістіктің әлеуетті болуын бағалауға мүмкіндік береді»,- делінген Ұлттық Банк хабарламасында. 

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің хабарлауынша, 2008-2016 жылдар аралығында Ұлттық қордан төрт банкке 476,1 млрд теңге берілген. 2017 жылы 653,7 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінген. 2020 жылдың шілде айындағы жағдай бойынша Ұлттық қордың валюталық активтері қысқарып (750 млн доллар) 57,7 млрд долларды құраған. 1 наурызда Ұлттық Банк Ұлттық қордағы актив көлемі 59,998 млрд доллар деген ақпарат таратқан. Ал қыркүйек айында қор 850 млн доллар инвестициялық табыстан айырылған. Қыркүйек айының соңындағы дерек бойынша Ұлттық қордың валюталық активтері 57,3 млрд долларды құрайды. 

Сондай-ақ оқыңыз