Ұлттық банк сақтандыру төлемдерін онлайн-реттеу жолын қарастырып жатыр

Жарияланды
Нәтижесінде, өтемақы алу уақыты қысқарады

Қазіргі кезде Ұлттық банк сақтандыру жағдайларын электронды және орталықтандырылған бірыңғай дерекқор жүйесі арқылы реттеу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бұл туралы ҚР ҰБ Сақтандыру нарығы және актуарлық есеп айырысу департаментінің директоры Гүлфайрус Шайқақова «Қаржы нарығы және Қазақстан экономикасының нақты секторы» атты конференцияда мәлімдеді.

Сақтандырушылармен кездесу барысында  реттеуші өкілі онлайн-сақтандыруды енгізумен қатар,  сақтандыру шартын жасасудың да айтарлықтай жеңілдегенін айтып өткен болатын. Енді Ұлттық банк сақтандыру шарттарын жасау рәсімін оңтайландыруды қолға алмақ.

«Бірыңғай сақтандыру дерекқор жүйесін мемлекеттік деректер базасына қосып жатырмыз. Ол клиентті анықтауға және сақтандыру келісім-шартын жасау барысында  енгізілетін ақпарат көлемін азайтуға мүмкіндік береді»,– деп түсіндірді Сақтандыру нарығы және актуарлық есеп айырысу департаментінің директоры Гүлфайрус Шайқақова.

Осылайша, ҚР  Жоғары соты шешімдерінің базасын (сақтандыру жағдайлары бойынша сот шешімдері), «Еңбекті қорғау және қауіпсіздік»  ақпараттық жүйесін,  «Мүгедектігі бар адамдардың орталықтандырылған деректер банкі» жүйесін, айыппұл бойынша ақпарат жинақталған «Бонус-малус» жүйесін бірыңғай сақтандыру дерекқор  жүйесіне қосу жоспарланған.

Сондай-ақ оқыңыз