
Қазақстан 22 шілдеде мұнай мен газ конденсатын өндіру көлемін едәуір қысқартты. Бұған Каспий құбыр консорциумы арқылы мұнай айдаудың уақытша тоқтауы себеп болды. Бұл туралы Reuters агенттігіне саладағы екі дереккөз хабарлаған.
КҚК – Қазақстан мұнайын сыртқы нарыққа шығаратын негізгі бағыт. Алайда 21 шілдеде Қара теңіздегі танкерлерге дрондар шабуыл жасағаннан кейін консорциум мұнай қабылдауды тоқтатты.
Бұған дейін жазғанымыздай, 20 шілдеде де КҚК терминалындағы танкерге дрон шабуыл жасаған еді. Новороссийск маңындағы Южная Озереевка терминалында мұнай тиеп тұрған «NELSA» танкеріне ұшқышсыз ұшу аппараты түскен. Сол сәтте кемеге Қазақстан мен АҚШ компанияларының мұнайы тиеліп жатқан.
Шабуылдан кейін мұнай өндірісі құлдырады
Осы оқиғалардан кейін Қазақстан мұнай өндірісін азайтуға мәжбүр болды. Жедел статистикамен таныс дереккөздің мәліметінше, 22 шілдеде елдегі мұнай және газ конденсаты өндірісі тәулігіне 215,6 мың тоннаға дейін төмендеген. Бұл шамамен 1,63 млн баррельге тең.
Салыстыру үшін, шілде айының басынан бері Қазақстандағы орташа тәуліктік өндіріс 274 мың тонна немесе 2,07 млн баррель деңгейінде болған. Яғни бір күннің ішінде өндіріс шамамен 21%-ға қысқарған.
Ең қатты төмендеу Теңіз кен орнында байқалды. Мұнда тәуліктік мұнай өндірісі 925 мың баррельден 406 мың баррельге дейін құлаған. Басқаша айтқанда, өндіріс көлемі екі еседен астам азайды.
Қазақстанның Энергетика министрлігі мен Теңіз кен орнын игеріп жатқан «Теңізшевройл» компаниясы Reuters сауалына әзірге жауап бермеген.