Сенат депутаттары 1994 жылғы 10-желтоқсандағы Қазақстан мен Ресей Федерациясы үкіметтері арасындағы «Байқоңыр» кешенін жалға алу келісіміне өзгерістер енгізу туралы Хаттаманы бекітті.
Сөйтіп, құжат, жалпы парламентте қабылданды деп есептелініп, мемлекет басшысына қол қоюға жіберілді.
Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров атап өткендей, Хаттамаға 2017 жылғы 9-қарашада Челябинскіде қол қойылған. Ол Ресей Федерациясының жалға алуынан шығарылатын 11,6 мың гектар аумағындағы жерді қайтаруды қарастыратын, «Байқоңыр» кешенін жалға алу туралы келісімнің №2 қосымшасына өзгерістер енгізеді..
Қайтарылатын жер учаскелері республикалық маңызы бар нысандар салу үшін қайтадан бөлінетін болады. Атап айтқанда, халықаралық «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» транзит дәлізін, Алматы – Мәскеу темір жолы мен Бейнеу – Шымкент газ құбырының желілік бөлігін салуға және Қызылорда облысы, Қармақшы ауданындағы Төретам ауылын дамытуға.
Кейінірек, депутаттардың сұрақтарына жауап берген вице-министр, «Байқоңыр» кешенін пайдалану 1994 жылғы 10-желтоқсанда ҚР мен РФ арасындағы жасалған халықаралық келісім мен РФ-ға 1996 жылғы 27-сәуірде берілген «Байқоңыр» кешені жер учаскелерін пайдаланудың тәртібі туралы Келісім аясында реттелетінін хабарлады.
Құжаттарға сәйкес, 2-3 жылдан сирек емес мерзімде жерлерге толық экологиялық сараптама жүргзіліп, қабылдау актісі жасалады.
«2015 жылы біз комиссиялық түрде ресейлік тараппен бірге тексеру жүргіздік. Енді Хаттаманы бекітуден кейін тағы бір рет осы учаскелерді қосымша сараптайтын боламыз», – деді Сапаров.
Жалпы, оның деректері бойынша, ресейлік тарапқа жалға 650 мың га жер берілген. Осы хаттамаға сәйкес, 11 мың 600 га жер қайтарылыды. Қазіргі кезде АШМ болашақта жердің тағы бір бөлігін қайтарып алуды жоспарлап отырған жоқ.
Жалға алу сомасы $118 млн құрайды.