Ресурстар

Су іздеп сандалғандар

Павлодар облысында тұтас бір ауыл суға жарымай отыр

Ал ауыз су тәулігіне бір сағат  бір сағатқа берілетін  ауыл әкімі келесі жылдың алғашқы жартыжылдығында таза ауызсу тұрғындарға қолжетімді болады, дегенді алға тартады.

Колонка күзеткен халық

Павлодар облысындағы Ақсу қаласына қарасты Пограничник ауылында 300-ден астам адам тұрады. Бұл елді мекенде таза ауызсу мәселесі жылдар бойы шешілмей келеді. Соның салдарынан, тұрғындар күн сайын суға кезекте тұруға мәжбүр. Әр көшедегі бір-екі колонкадан су небары 1 сағатқа, яғни 17.00-18.00 аралығында ғана беріледі. Осы уақытта үлгеріп, шелегін толтырып алғанның ұпайы түгел. Ал түрлі себепке байланысты бір сағатта су алып үлгермегендерге келесі күнге дейін тіршілік  көзінсіз өмір сүруден басқа амал жоқ. 

«Мен Пограничник ауылына көшіп келгелі үш-төрт жылдың жүзі болды. Содан бері су мәселесі бас қайғымызға айналды. Жаздың күндері екі сағатқа берілетін, қыс келгелі бір сағат қана босатылады. Аязды күндері құдықтар қатып қалып, сусыз қалған кездеріміз болды. Оған қоса, көпшіліктің жұмысы алты-алты жарымда аяқталады. Сондықтан тіршілік нәрін алуға үлгермей қалады.

Жолға шығар болсақ, көршілерге шелектерімізді «аманат» қылып қалдырып, су алуды тапсыруға тура келеді. Облыс орталығынан 50 шақырымға жетер-жетпес қашықтықтағы ауылдың жаһандану заманында осындай күй кешіп отырғаны қисынға сыймайды. Бірақ әбден титықтатқан жағдайға шыдап, орталықтандырылған судың тартылар күнін күтуден басқа қолдан келер шара жоқ», – деп налиды ауыл тұрғыны Ғәлия Сембайқызы. 

Уәде берген әкім

Ақсу қаласының әкімі Балғабай Ыбыраевтың айтуынша, елді мекенге игілік келер күн алыс емес. Шаһар басшысы келесі жылы Пограничник тұрғындары үшін қиындықтың бәрі артта қалады деп сендірді. 

«Аталмыш ауылда су мәселесі өткір тұрғаны рас. Соңғы жылдары күрмеулі жайттың шешімін табу үшін біраз жұмыс атқардық. Соның нәтижесінде, ескі су құбырын қалпына келтіру ісі басталды. Барлығы 12,7 шақырым желі жөнделеді. Бұл мақсатқа 395,6 млн теңге қаржы қарастырылды. Су құбырлары тұтынушылардың үйлеріне дейін тартылып, есепке алу құралдары орнатылады. Келесі жылдың алғашқы жартыжылдығында таза ауызсу тұрғындарға қолжетімді болады», – дейді Балғабай Ыбыраев. 

Көш соңында…

 Айта кетелік, Павлодар облысы – тұрғындарды таза ауызсумен қамту көрсеткіші бойынша көш соңындағы өңір. 2016 жылы бұл көрсеткіш 19,8 пайызды құраса, бүгінде 40 пайызға жетті. Қазір облыстағы 353 ауылдың 120-сы ғана орталықтандырылған су жүйесіне қосылды. Биыл барлығы 495 шақырым су құбыры салынып, 37 мың ауыл таза ауызсуды пайдалану мүмкіндігі туды. 

Десе де, өзге өңірлермен салыстырғанда, көрсеткіш әлі де төмен. Сондықтан жергілікті билік 2020-2022 жылдары сумен қамтуға қатысты 45 жобаны жүзеге асырмақ. Ол үшін республикалық бюджеттен 13 млрд теңге беріледі. Сөйтіп, алдағы екі жылда  таза ауызсумен қамту көрсеткішін 62,5 пайызға жеткізуді жоспарлап отыр.