Ресурстар

Бұқтырма су қоймасындағы көпірдің құрылысы басталады

Дайындық жұмыстарына 500 млн теңге бөлінген

Шығыс Қазақстан облысында 8-ақпанға дейін  Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір құрылысы жобасына конкурс жарияланған. ШҚО-ның шалғайда жатқан аудандарын облыс орталығымен байланыстыратын Күршім көпірінің сметасы 2017 жылы жасалып, оған қажетті қаражат 32 млрд теңгеден асқан. Шенеуніктер көпір құрылысы біткен соң, оны ақылы ету мәселесін де қарастырып жатыр. 

ШҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмаділовтың ақпаратына сүйенсек, конкурстық рәсім 45 күнге созылады. Осы уақыт өткен соң, сәуір айында мердігермен келісім-шарт жасалады. Сонымен қатар, осы кезде жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен қанша қаржы бөлінетіні де нақтыланады. 

Мемлекеттік сараптама қорытындысы бойынша, құрылыс 3 жылда бітіп, көпір 2023 жылы пайдалануға берілуі тиіс. 

Алайда көпір жобасын жасаған «ПК Мостопроект» жобалау ұйымының мамандары көпір құнының 2017 жылы жасалған есебі қазіргі кезде жарамсыз болуы ммкін екенін айтады.  Өйткені, ескі жобада 3 жыл бұрынғы, ары кетсе, 2020 жылдың желтоқсанына дейін жарамды  баға көрсетілген. Сондықтан жобаны іске асыру барысында металл, бетон, бұрғылау жұмысының құны туралы деректер өзгеруі мүмкін. 

Республикалық бюджеттен негізі сома әлі бөлінген жоқ. 500 млн теңге көлеміндегі бірінші транш облыс қазынасынан қарастырылған. Бұл қаржы құрылыс учаскесін жабдықтауға,  қажетті техниканы жұмылдыруға, дайындық жұмыстарына жұмсалады. Көпірге кірме жол (шамамен 15 км) салатын жолшылардың қызметі бөлек жоба бойынша іске асырылады. 

Жаңа көпірді ақылы ету мәселесі әзірге облыстық мәслихат отырысында талқыға салынбаған. Дегенмен, Нұржан Жұмаділовтыі айтуынша, аз-маз ақы төлеуге тура келуі мүмкін. Бұл қаржы көпірді одан әрі ұстап тұруға жұмсалады. Ол көлікті пароммен алып өтуге кететін ақшадан әлдеқайда аз болады.