Ресурстар

Павлодар қоқыс құрсауында қалды

Тұрмыстық қалдықтарды шығаруға жауапты кәсіпорын жұмысшылары бес күннен бері қол қусырып отыр

Соның салдарынан, Павлодар көшелерінде қоқыстан аяқ алып жүру мүмкін емес, ал тұрмыстық қалдықтардың «хош иісі» қолқаны алады.  

Полигон қалдықты қабылдамайды 

 Тұрғын үйлер аулаларындағы контейнерлердегі тұрмыстық қалдық «аузы-мұрнынан» шығып, кезбелер мен қаңғыбас ит-мысықтардың «мекеніне» айналды. Себебі өткен аптаның соңынан бері «Спецмашина» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметкерлері қоқысты жинауды тоқтатты. 

Кәсіпорынның ресми өкілі Сүйіндік Нұрымовтың айтуынша, бұған облыс орталығындағы жалғыз полигонның қалдықты қабылдаудан бас тартуы себеп болған. 

1.PNG

Ресми өкіл мемлекет меншігіндегі полигонды жеке кәсіпорын жалға алып, жұмыс істейді дегенді алға тартады. Облыстық Экология департаменті аталмыш кәсіпорынның жұмысын тексеріп, «қалдықты заңсыз қабылдап отыр» деген байламға келіпті. Сөйтіп, айыппұл салып, құжаттарды ретке келтіруді тапсырған. Алайда, бір ай аралығында мәселе шешілмей, соның салдарынан, полигон тұрмыстық қалдықты қабылдауға қауқарсыз болып қалған. 

«Қазіргі кезде қоқыс көп жиналатын ауруханалар мен ірі сауда орындарының қалдығын кіргізу туралы ғана келісімге келдік. Ал тұрғын үйлердегі қалдықтарды полигонға апара алмаймыз. Оған шектеу қойылды», – дейді Сүйіндік Нұрымов. 

Әкімдік не дейді? 

Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Арыстан Кенжалинов болса, полигон кез келген уақытта тұрмыстық қалдықты қабылдауға әзір екенін алға тартады. Ал қаланың қоқыс құрсауында қалуына монополист осы саладағы«Спецмашина» серіктестігінің қолданыстағы тарифпен келіспеуі себеп дейді. Яғни, кәсіпорын тарифті 159 теңгеден 322 теңгеге дейін көтеруді талап етіп отыр екен. 

«Спецмашина» ЖШС өткен жылдың соңында Павлодар қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне өз қызметтерінің бағасын көтеру туралы хат жолдады. Аталмыш бөлім кәсіпорынның хатын қалалық мәслихат депутаттарының қарауына ұсынды. Себебі, тарифті көтеру мәселесін тұрғын үй–коммуналдық мәселелер жөніндегі комиссия мүшелері талқыға салады», – дейді Арыстан Кенжалинов. 

Бұл ретте, қала әкімінің орынбасары Павлодардағы тариф еліміздегі ең төмен баға екенін атап өтті. Айтуынша, республика көлемінде орташа баға – 180 теңге, ал Павлодарда – 159 теңге. 

Әйтсе де, «Спецмашина» ЖШС өкілі Сүйіндік Нұрымов тарифті көтеру туралы өтініш жазылғанын жоққа шығарды. 
 

«Иә, 159 теңге табыс әкелмек түгілі, жыртығымызға жамау болмайтыны рас. Бірақ кәсіпорынның билікке талап қоятын құзіреті жоқ. Мәслихат қандай бағаны бекітсе, сол бойынша қызмет көрсетеміз. Біз тарифті көтеру туралы тек ауызша ұсыныс жасай аламыз. Өтініш жазып, билік назарын аудару біздің құзыретіміздегі  іс емес», – дейді ол. 

Ашығын айтқанда, 7-ақпан күні Павлодар қалалық мәслихатының кезекті отырысында тарифтің осы түрін көтеру мәселесі талқыланбақ. Міне, сол кезде нақты шешім қабылданатын болады. 

Бітпейтін тариф тартысы 

Айта кетсек, бұл «Спецмашина» серіктестігінің алғашқы «мінез көрсетуі» емес, осыдан екі жыл бұрын да үш күн бойы қоқыс шығармай, тұрғындарды әбден әбігерге салған болатын. Ол кезде де серіктестік тарифті өсіруді талап еткен.

Жергілікті билік келісімшарт талаптарын орындамаған кәсіпорынға айыппұл салмақ та болған еді. Бірақ «Спецмашина» жұмысын қайтадан жандандырған соң, жауапкершіліктен құтылып кетті.

Сол тұста монополист тариф бағасын 159 теңгеден 322 теңгеге дейін көтеруді талап еткен болатын.

Ал облыс орталығының басшылығы 250 теңгеден әрі асыру тұрғындардың қалтасына салмақ салатынын алға тартты. Сөйтіп, екі тарап ортақ мәмілеге келе алмай, тариф 159 теңге көлемінде сақталды. Енді, міне, бұл мәселе қайтадан көтеріліп отыр. 

Кейін белгілі болғандай, бұл іске Павлодар қалалық прокуратура қызметкерлері араласқан соң, аулалардағы контейнерлерден қоқыс шығарыла бастады. Кәсіпорын барлық 40 техниканы жұмылдырып, екі күн ішінде қала көшелерін қоқыстан тазартуға уәде берген көрінеді.