Ресурстар

Үздік педагогтарға 2,6 млн теңге сыйақы беріледі

Павлодар облысының жаңа әкімі Әбілқайыр Сқақов аймақтағы үздік педагогтарға арнайы сыйақы тағайындады

Осы жылдың қаңтар айында ғана тағайындалған Павлодар облысының басшысы Әбілқайыр Сқақов тұрғындар алдында есептік кездесу өткізіп, өңір жұртшылығының әл-ауқатын арттыруға бағытталған бірқатар ұсыныстарын ортаға салды.

 Бұл ретте, көпшілік ұстаздар қауымын ынталандыруға бағытталған бастаманы бірден қолдады. Жалпы, Павлодарлық оқушылар мен ұстаздар республикалық, халықаралық білім додаларында үнемі үздіктер сапынан көрініп келеді. Мәселен, соңғы 20 жыл бойы республикалық олимпиадаларда өңірдгі ұстаздар мен олардың шәкірттері «Ең үздік олимпиадалық команда» деген аталымды ешкімге бермей келеді.

Аймақ басшысы осы жетістіктерді еселей түсу үшін педагогтарды ынталандыру қажет деп пайымдайды. 

«Биыл өңірімізде бірінші рет «Павлодар облысының білім беру саласына сіңірген еңбегі үшін» белгісі беріледі. Педагогтарды ынталандыру үшін осындай шешім қабылдадым. Аталмыш белгіге ие болған ұстаздарға 1000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 2 млн 651 мың теңге сомасындағы  сыйақы қоса табысталады», – деді Әбілқайыр Сқақов. 

Бүгінгі күні мемлекеттік қазынада аталмыш бағытқа қаржы да қарастырылып қойыпты. Облыс әкімінің мұндай ұсынысынан соң, тұрғындар тарапынан бірден қызығушылық пен сан сауал туындады. Көпшілікті аталмыш атаққа лайықтыларды қалай іріктейтіні қызықтырды.

Әбілқайыр Сқақовтың айтуынша, сыйлық иегерін анықтауда ұстаздың еңбек өтілі, оқушылардың жетістіктері, білім беруде қолданылатын технологиялары мен әдістемелері назарға алынады. Тағы қандай талаптар қойылатыны педагог қауымымен талқыланады. 

Айта кетсек, бүгінде Павлодар облысының мектептерінде 12 мыңнан астам ұстаз, балабақшаларда 5 мыңға жуық тәрбиеші бар. Өткен жылы «Дипломмен-ауылға!» бағдарламасы бойынша 324 түлек ұстаздық қызметті ауылдағы білім ордаларында бастады.