Бас санитар дәрігер Айжан Есмағамбетова 20 мамыр күні өткізген брифингте негізінен қызмет көрсетуші нысандарда санитарлық талаптардың жиі бұзылатынын мәлімдеді. Олқылықтарды өңірлердегі шұғыл штабтар жанынан құрылған мониторингтік топтар анықтаған.
«Нұр-Сұлтан қаласында 358 нысан тексеріліп, олардың 85 пайызының талаптарды сақтамай отырғаны белгілі болды. 116 азық-түлік және 94 азық-түліктік емес дүкендерде сатушылар маска, қолғап және арнайы киім кимеген, антисептик қолданбаған. Нан-тоқаш өнімдерін сатушылар өнімді қаптамасыз саудалаған. 11 қоғамдық тамақтандыру нысанында қызметкерлер маска және қолғапсыз жұмыс істеген. 29 стоматологиялық ұйымда қызметкер коронавирус анализінің анықтамасынсыз жұмысқа жіберілген. 61 шаштараз бен сұлулық салонында қызметкерлерге термометрия жасалмаған. Маскасыз жұмыс істеген. Елордада күн сайын қызмет көрсетуші сала жұмысшыларынан коронавирус анықталып жатыр» деді Есмағамбетова.
Айтуынша, Алматыда да карантин талаптарын бұзу жағдайлары кездеседі. Мәселен, «Салават строй» ЖШС құрылыс алаңында компанияның бекітілген талаптарды сақтамайтыны анықталған. Тексеріс қорытындысы бойынша хаттама толтырылып, сот 10 АЕК көлемінде айыппұл төлеуді міндеттеген. Сондай-ақ қаладағы қоғамдық тамақтандыру, сұлулық салоны, басқа да қызмет көрсету нысандарында санитарлық талаптар сақталмаған. Адамдардың көптеп жиналуы жиі кездескен.
Қазір 7 мыңға жуық адам вирус жұқтырып, соның 35-і қайтыс болды. Қазақстандағы алғашқы жағдай 13 наурызда тіркеліп, 16 наурызда ТЖ режимі енгізілген. Ал 20 сәуірден бастап карантин режимі жұмсартылып, қызмет көрсетуші сала мекемелері қайта жұмысқа кірісті. Дегенмен осындай ереже бұзушылықтарға қарамастан елімізде індеттен көз жұмғандар саны салыстырмалы түрде аз дейді бас санитар. Ол мұның себебін пандемия елімізге келгенге дейін бізде мол уақыттың болғанымен байланыстырады.
«Көп елдерде індет қаңтар-ақпан айларында тіркелді. Ал бізде наурыздың ортасында анықталды. Яғни, оған дейін біз медициналық қызметкерлер мен реанимациялық төсектерді дайындап үлгердік»,- дейді маман.
Айжан Есмағамбетованың айтуынша, карантин режимінің жеңілдетілу процесі үш топқа бөлінген. Бірінші топ – ауру деңгейі 70 пайыздан аспайтын өңірлер. Екінші топ – ауру деңгейі 5 пайызға дейінгі өңірлер. Үшінші топ – ауру деңгейі 2 пайызға дейінгі өңірлер.
«Қазіргі таңда адамдардың жаппай жиналуын қажет етпейтін, қызмет көрсету уақыты ұзақ емес, адамдардың араласу жағдайы төменгі дәрежедегі мекемелер қайта ашылады» деді бас санитар.
Бас санитар талаптарды сақтамай, індеттің таралуына жол берген мекемелердің жабылатынын және оларға 5 пен 500 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынатынын да жеткізді.