Жаңалықтар

Алматыда жаппай дезинфекциялаудың екінші кезеңі басталды

Алматы әкімдігі халық көп жиналатын жерлерге бармауды сұрайды

Алматының мемлекеттік бас санитарлық дәрігері Ж. Бекшиннің тапсырмасы бойынша адамдар көп жиналатын орындар мен қоғамдық кеңістіктерді дезинфекциялау күшейтілді. Бұл туралы Алматы әкімдігінің телеграм каналы хабарлады.

Қаланың барлық қоғамдық орындарына ауқымды дезинфекциялау жұмыстарын жүргізудің жаңа кезеңі басталады. Ең алдымен жұрт көп жиналатын алаңдар, көшелер мен парктер, скверлер, жаяу жүргінші аймақтары залалсыздандырылады. Осылайша, Алматы қаласы Тұрғын үй саясаты басқармасының мәліметі бойынша дезинфекция жасау үшін қала орталығы шектеледі.

Қауіпсіздік шаралары жүргізілетіндіктен Алматының Тұрғын үй саясаты басқармасы қала тұрғындарынан дезинфекторлар мен арнайы автокөліктің жұмыстарына кедергі келтірмеу үшін адамдар көп жиналатын жерлерден аулақ болуды сұрайды.

Алматыда карантин режимі енгізілген кезден бастап қаланың мемлекеттік бас санитарлық дәрігерінің тапсырмасы бойынша қала тұрғындары арасында коронавирус инфекциясының таралмауы үшін дезинфекция жұмыстары барынша жүйелі жүргізіліп келеді.

«Карантин режимінің бәсеңдеуіне орай коронавирус инфекциясын жұқтырғандар санының артқаны байқалады. Өйткені, қалалықтар қоғамдық орындар – алаңдарға, жаяу жүүргінші аймақтарына, парктер мен скверлерге жаппай баруда. Оның үстіне санитарлық қауіпсіздік ережелері сақталмауда, маска тағылмауда, әлеуметтік қашықтық сақталмауда. Адамдар көп жиналатын орындар өте қауіпті, себебі вирус түрлі заттардың, орындардың беттерінде орнығып қалады», — деп атап өтті Алматының Тұрғын үй саясаты басқармасындағылар.

Жеке қауіпсіздікті, әсіресе балалардың және қарт адамдардың денсаулығын сақтау мақсатында мұндай орындарға дезинфекция жасалғанға дейін және одан кейін де бармауды сұраймыз.

Қоғамдық кеңістіктерді өңдеу жұмыстарына 1200 жұмысшы және 135 арнайы техника бірлігі тартылды.