Онкологиялық аурудан құлан-таза айығып шығуға болады. Ол үшін не істеу керек?
Қатерлі ауру – қоғамның қатерлі тақырыбы болып тұр. Дәрігерлер уақытылы скринингтерден өтіңдер деп дабыл қағады. Осы орайда Алматы облыстық ауруханасы онкология бөлімінің меңгерушісі Естөре Қарғабаевпен сұхбат құрдық.
– Естөре Жайтөреұлы, сіз басқаратын бөлімге көбіне кімдер келеді? Ерлер ме, әйелдер ме?
– Аймақтық көпсалалы клиникамызға әйелдердің көбірек келетіні жасырын емес. Олар негізінен сүт безі обыры, эндометрия обыры, жатыр мойны обыры және аналық без ісігі диагноздары бойынша ем қабылдайды. Ал ерлердің көбі рактың жеңіл түрі бойынша түседі мұнда. Біразы темекі шегіп, соның салдарынан қатерлі ісікке ұшырап жатқандар. Оларға ас қорыту, асқазан рагы диагнозы қойылған. Біз Оңтүстік Кореяға барған кезімізде ол жақта темекі тартуға қатаң тыйым салғанын байқадық. Егер жұмыста темекі тартатын болса онда сөзге келмей жұмыстан шығара салады. Тәртіп қатал. Соның арқасында 20 жыл ішінде ол елде қатерлі ісіктің жеңіл түрі әлдеқайда азайған.
– Әйел адамдарда қатерлі ісіктің қанша түрі кездесуі мүмкін?
– Соңғы уақытта гинекологиялық қатерлі ісік түрлері артып бара жатыр. Бұл алаңдатарлық жағдай. Гинекологиялық қатерлі ісіктің ең жиі кездесетін түрлері деп – жатыр мойны обыры, аналық без обыры, эндометрия обыры және сарпай (вульва) обырын айта аламыз. 2019 жылы 468 әйел гинекологиялық обырға шалдыққан. 23,5 пайызы – жатыр мойны обыры, 43,2 пайызы – аналық без қатерлі ісігі, 33,3 пайызының эндометрия обыры дертіне ұшыраған. Жалпы, онкологиялық дерт соңғы бес жылда сәл болса да азайды. 2014 жылы 100 мың адамға шаққанда 145,6 промилле болса, 2019 жылы бұл көрсеткіш 124,1 промиллеге дейін төмендеді.
– Онкология десе көпшілік оны бірден жазылмайтын дерт деп түсінеді…
– Иә, солай ойлап, ем қабылдаудан бас тартатын жағдай да кездеседі. Шын мәнінде бұл аурудан құлан-таза айығып шығуға болады. Ол үшін сенім керек. Мысалы, бізде Сағатбек есімді емделуші 1996 жылдан бастап ем қабылдаған. 2018-2019 жылдары да өкпесіне операция жасатты. Ол кісінің дерті төртінші сатыда бір-ақ анықталған. Соған қарамастан бірнеше химиотерапияға, ауыр операцияға шыдады. Нәтижесінде қазір біржола сауығып кетті. Бір ғана сол кісі емес, біздің ем-шарамыздың арқасында сауығып кеткен адамдар сонау Израиль, Оңтүстік Кореяға бармай-ақ тәуір болуға болатынына көз жеткізді.
Негізінде онкологиялық аурудың алдын алудың екі жолы бар: Алғашқысы – салауатты өмір салтын ұстану. Екіншісі – арнайы скринингтен өтіп тұру. Мұндай скринингтер клиникаларда тегін жүргізіледі. Адам денсаулығына қаншалықты көңіл бөлсе, бізге де дертпен күресу соншалықты оңай. Алматы облысының аумағы өте кең. Біз жалғыз аурухана болғандықтан көбінің аяғы жетпей жатады. Тіпті жақын тұратын Талғар, Қарасай сияқты ауданның өзінен адамдар аз келеді. Келсе де аурудың соңғы сатысында қаралады. Біз оларды үнемі шақырамыз. Сөйтсек, біразы «бұл не деген тегін скрининг» деп күмәнданады. Бірақ бұл рас. Біз тегін тексеру өткізіп, оларда қауіпті дерттің ұшқыны бар ма, жоқ па, анықтап отырамыз. Тек шақырып қана қоймай, ай сайын аудан орталықтарына өзіміз де барып, скрининг жасаймыз.
– Облыстық аурухана базасында операцияның қандай түрлері жасалады?
– Бұл ауруды емдеу үшін үш негізгі әдіс және олардың қоспасы пайдаланылады. Олар – хирургиялық ем, сәулемен емдеу, химиотерапия, қабаттастырылған ем және құрама ем. Хирургилық емнің өзі түбегейлі және паллиативтік болып екіге бөлінеді. Түбегейлі операция – қатерлі ісікті сау тіндер шеңберінде кесіп алып тастау. Хирургия ойдағыдай іске асса онда науқасты біржола жазып жіберетін екі ұстаным бар – абластика және антибластика. Абластика – операция кезінде қатерлі ісік клеткаларының шашырап таралуын болдырмауға бағытталған шаралар кешені. Операцияның абластикалық дәрежесін футлярлық және зоналық принциптерді сақтау арқылы арттыруға болады. Ал антибластика – операция кезінде негізгі ісіктен бөлініп қалған жеке клеткаларды жоюға бағытталған шаралар.
– Жыл сайын сіздерге келетін науқастар саны қанша?
– 2019 жылы онкологиялық қатерлі ісік диагнозымен 1700 науқас тіркелсе, соның 732-сі ер адам, 968-і – әйелдер. Негізі қатерлі ісік алғашқы сатыда анықталса жазылып кету мүмкіндігі 80-85 пайыз деп бағаланады. Ал ауру кеш анықталса, онда жазылып кету мүмкіндігі тым төмен, яғни, 15-20 пайыз төңірегінде ғана.
– Қазір аурухананың материалдық жағдайы қалай?
– Медициналық жабдықтау мәселесі толық шешімін таппай отыр. Аудандардағы маммографтардың тозу пайызы 96 пайызға жеткен. Бұл скрининг сапасына әсер етеді. Сондай-ақ біраз аудандарда скрининг жүргізуге бағытталған колоректальды обырды ерте анықтау үшін пайдаланылатын видеоколоноскоп құрылғысының жоқтығына байланысты емделушілер шалғай өңірден біздің клиникаға келуге мәжбүр болып отыр. Алда жаңа ғимаратқа көшу жоспарланған. Соған байланысты компьютерлік томография және магнитно резонансты томография аппараттарымен қамтамасыз етілеміз деген үлкен үмітіміз бар.
– Байқап отырғанымыздай сіздерде жас мамандар көп жұмыс істейді екен.
– Клиникамызды медицина ғылымдарының кандидаты Саяхат Тәуірбекұлы Олжаев басқарып отыр. Клиникамызда көптеген жоғары дәрежелі мамандар жұмыс істейді, оның ішінде 2 медицина ғылымының кандидаты, 2 профессор, 5 жоғары санатты дәрігер бар. Килиника қызметі өте сапалы жүргізіледі. Мекеме басшысының орынбасары Данияр Алдынгуров, консультативті диагностика бөлімінің меңгерушісі Меруерт Жүнісова, онкогинеколог Әсел Жақсылықова, паллиативтік бөлімше меңгерушісі Гүлнұр Нұрланова, хирург дәрігер Асылбек Әбжәлелов, онкомаммолог Дәулет Айдаров, басқа да өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарайтын мамандар бар. Олар жұмысқа таңғы 7-де келіп, емделушілердің жағдайларын тексеріп, әрбіріне жіті көңіл бөліп, әрі қарай операция жасап, ұзақ уақытқа созылатын отадан соң қайтадан емделушілерге келіп, шаршамай тексеріп шығады. Бұл өте ауыр жұмыс.
– Әңгімеңізге рақмет!