Ресурстар

Қазақстанда зейнеткерлерді қолдау үшін 32,6 млрд теңге бөлінді

Елімізде 2 миллионнан астам зейнеткер тұрады

2020 жылы зейнетақы төлемдерін қоспағанда, егде жастағы азаматтарды әлеуметтік қолдаудың түрлі бағытына 32 миллиард 670 миллион теңгеден астам қаражат бөлінді. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

1 қазанда Қазақстанда Қарттар күні атап өтіледі. Елімізде 2 миллионнан астам зейнеткер тұрады. Әр азаматтың лайықты қарттық шағын қамтамасыз етуге қамқорлық жасау – Үкіметтің әлеуметтік саясатының басты міндеттерінің бірі. Мемлекет азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыруды жақсарту бойынша жүйелі түрде шаралар қабылдап келеді.

Мәселен, 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап жыл сайынғы индекстеу нәтижесінде ынтымақты зейнетақы мөлшері 7%-ға өсті, базалық зейнетақының ұлғаюы 5%-ды құрады.     

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында, ағымдағы жылдың 1 сәуірінен бастап тағайындалған зейнетақы мөлшері қосымша тағы 5% индекстелді. Бұл 2019 жылғы деңгеймен салыстырғанда базалық зейнетақының 10%-ға, ынтымақты зейнетақының 12% -ға өсуін қамтамасыз етті.           

Осындай өсім нәтижесінде жиынтық зейнетақының ең төменгі мөлшері (ынтымақты+базалық) 58 мың теңгеден асады, ал жоғарғы шегі 128,5 мың теңгені құрайды. Сонымен қатар, азаматтар, БЖЗҚ-дан өздері жинақтаған қаражат есебінен зейнетақы төлемдерін алады.           

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі аға буын өкілдерінің жағдайын жақсарту үшін 2025 жылға дейінгі «Белсенді ұзақ өмір» ұлттық іс-қимыл жоспарын жасады. Оны қабылдау егде жастағы азаматтардың қоғамның түрлі салаларына қатысу мүмкіндігін кеңейтеді және де оларды мемлекеттік қолдаудың сапалы шараларымен қамтамасыз етеді. Ұлт жоспары аясында әр аймақта белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарын ашу жоспарлануда.           

Қазіргі уақытта 113 стационарлық мектеп-интернаттың, жергілікті бюджет есебінен 58 күндізгі стационардың ауқымында 5 мыңнан астам қарт адам арнайы әлеуметтік қызметтермен қамтылған. Үйдегі әлеуметтік көмек бөлімдері шамамен 52 мың қарт мен мүгедекке қызмет көрсетеді.           

Қарттар күні аясында Нұр-Сұлтанда, сондай-ақ Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарының жекелеген аудандарында 216,7 мың адамды қамтитын 2,3 млрд теңге көлемінде біржолғы қаржылай көмек көрсетіледі.           

Жалпы, ағымдағы жылы, жергілікті бюджет мүмкіндіктерін ескере отырып және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі шеңберінде 15,2 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді (оның ішінде жергілікті бюджеттен – 14,2 млрд теңге, тартылған қаражат есебінен – ​​1 млрд теңге):           

 – Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күніне бірреттік материалдық көмекке – 7,6 млрд теңге (123,6 мың адам);            

 – азық-түлік себетін беруге – 1 млрд 481,1 млн теңге (233,4 мың адам);           

 – жеңілдікпен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге – 174,2 млн теңге (40,8 мың адам);           

 – тісті протездеуге – 142,7 млн теңге (3 мың адам);           

 – шипажайлық емделуге – 1 млрд 362,3 млн теңге (19,5 мың адам);           

 – тұрғын үйді жөндеуге – 46,4 млн теңге (376 адам);           

 – отынмен қамтамасыз етуге – 136,1 млн теңге (3,7 мың адам);           

 – қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүруге – 740,7 млн теңге (133,9 мың адам);           

 – көмектің басқа түрлеріне – 3 498,8 млн теңге (134,0 мың адам).           

Бұдан бұрын хабарланғандай, 1 қазанда Қазақстанда Қарттар күніне орай айлық басталады. Аға ұрпақ өкілдеріне қамқорлық жасауға арналған іс-шаралар республиканың барлық аймақтарында өтеді. Олардың ішінде амбулаториялық-емханалық ұйымдарда «Ашық есік күндері» және «Жүректен жүрекке» қайырымдылық акциясы ұйымдастырылып, оның аясында ауыр науқас қарт адамдарға азық-түлік себеттері табысталады. Сонымен бірге еңбек ұжымдарында кездесулер және тағы басқа шаралар қолға алынады.