Арқалық қаласында «Агроинтерқұс» ЖШС жұмысын уақытша тоқтатты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Ақпаратты агенттік тілшісіне облыстық ветеринария басқармасының басшысы Самат Қалиев растады.
«Қазақстан Республикасындағы жоғары патогенді құс тұмауының таралуына байланысты кәсіпорында 502 600 құс қырылды. Сол себепті құс фабрикасының жұмысы уақытша тоқтады. Фабрикадан құс өнімдерін шығаруға тыйым салынды. Қазір өңірде арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Оның құрамында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті және Республикалық эпизоотияға қарсы жасақтың мамандары бар. Құс фабрикасының қай кезде жұмысын жалғастыратынын айта алмаймыз», – деді Самат Қалиев.
«Агроинтерқұс» ЖШС басшылығының айтуынша, кәсіпорынның қызметін қайта жалғастыру үшін кемі бір жыл қажет. Сонымен қатар жұмыстың жандануына 1,5 миллиард теңге қаражат жұмсалады.