Ресурстар

Өзін банк қызметкері деп таныстыратын интернет алаяқтары пайда болды

Банктік шоттар мен карта деректерін ешкімге беруге болмайды

Интернет алаяқтардан барынша сақ болуға шақырамын. Өкінішке орай, бірқатар ескертулерге қарамастан, адамдар әлі де алаяқтардың құрбанына айналуда. Бұл туралы  Алматы облысы полиция  департаментінің басшысы Серік Кудебаев өз facebook-парақшасында хабарлады.

Соңғы уақытта алаяқтар өздерін танымал банктердің қызметкерлері ретінде таныстыратын әдіс белең алуда. Мұндай жағдайларда белгісіз тұлғалар қазақстандық ұялы байланыс операторларының абоненттерінен азаматтарға қоңырау шалып, өздерін белгілі бір  банктің қызметкері ретінде таныстырады. Бұдан әрі, үшінші тұлғалардың өздерінің шотындағы ақша қаражатын алуға тырысып жатқандығын айтып, осыған байланысты барлық банктік шоттар мен карточкаларды сақтандыруды ұсынады. Алаяқтар дерекқорда растау және жаңарту операцияларын жүргізу үшін азаматтарға өз деректерін (ЖСН, банктік карталардың артқы жағындағы нөмірлері мен кодтарын) жазуды және ақшаны банктік шотқа аударуды сұрайды. Бұл ретте  олар өздерінің жалған шоттарының нөмірлерін көрсетіп, ақшаны өз еншілеріне аударып алады. 

Осыған байланысты, мен өздеріңізді мейлінше сақтық танытуға және   өздеріңіздің жеке деректеріңізді, банктік шоттар мен карталарыңыздың деректерін белгісіз тұлғаларға хабарламауларыңызды сұраймын. Карталар жоғалған кезде банк операторларына қоңырау шалып, карточкаларды бұғаттау қажет. Егер алаяқтарға тап болған жағдайда, дереу полиция органдарына немесе 102 пультіне хабарлауларыңызды сұраймын.