2021 жылдың 11 қаңтарында елімізде сайлау өтеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәжіліс депутаттарының сайлауын тағайындау туралы жарлыққа қол қойды. Бұл туралы президенттің баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақстан халқына үндеу жариялаған мемлекет басшысы барлық саяси партиялардың бұл сайлау науқанына қатысуға дайындалуына, сайлау алдындағы платформасын әзірлеуіне, партиялық инфрақұрылымдарды жетілдіруіне уақыты жеткілікті болды деп мәлімдеді.
Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы тағайындалады.
«Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» конституциялық заңға және «Қазақстан Республикасы Парламентінің комитеттері мен комиссиялары туралы» заңға түзетулер енгізу арқылы парламенттік оппозиция институтын құру мәселесін қарастыратын және оның қызметін регламенттейтін өзгерістер мен толықтырулар жасалды.Енді Парламент Мәжілісі тұрақты комитеттерінің бір төрағасы мен екі хатшысы парламенттік оппозиция депутаттары арасынан сайланады»,- деді президент.
Сонымен қатар, Қ.Тоқаев парламенттік оппозиция бір сессия кезінде кемінде бір рет парламенттік тыңдау өткізу жөнінде бастама көтеру құқығын иеленетінін, сондай-ақ бір сессия кезінде кемінде екі рет үкімет сағатының күн тәртібін айқындайтынын атап өтті. Бұдан бөлек, саяси партиялар фракцияларының жетекшілеріне Парламент палаталарының бірлескен отырыстарында, Парламент Мәжілісінің пленарлық отырыстарында, тұрақты комитеттердің, жұмыс топтарының отырыстарында, парламенттік тыңдауларда және басқа іс-шараларда сөз сөйлеуге кепілді құқық беріледі.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» конституциялық заңда және «Саяси партиялар туралы» заңда қарастырылған ережелер бойынша парламенттік тәжірибемізде алғаш рет партиялық тізімге әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота енгізілді. Бұл норма Парламентке және жергілікті өкілді органдарға әйелдер мен жастарды тартудың тиімді жолы ретінде олардың еліміздегі қоғамдық-саяси үдерістерге белсенді қатысуына септігін тигізеді. Алдағы мәслихаттар сайлауы алғаш рет партиялық тізім бойынша өтеді. Пропорционалды модель әлемдік демократиялық тәжірибеге толық сай келеді, саяси жүйені нығайтуға, демократияны дамытуға ықпал етеді, саяси партиялардың жұмысын жандандырады», – делінген үндеуде.
Президенттің пайымдауынша, жаңа бастамалар партияларға еліміздің саяси жүйесіндегі ұстанымын нығайту үшін қосымша мүмкіндіктер береді.
Айта кетейік, ҚР Парламент мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауы 2016 жылдың 20 наурызында өткен еді. Бұл тәуелсіз Қазақстан тарихындағы жетінші, ал кезектен тыс бесінші рет өткен сайлау болды. Парламент сайлауына алты саяси партия қатысып, олардың үшеуі дауыс беру нәтижесі бойынша жеті пайыздық межеден асып, мәжіліске өтті: Nur Otan партиясы (82,15%), Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы (7,18%), Қазақстанның Коммунистік Халық партиясы (7,14%).