АҚШ саяси тарихындағы келесі кезеңге қадам басты. Жақында болған президент сайлауында демократтар атынан түскен Джо Байден басты қарсыласы, қазіргі президент Дональд Трамптан басым түсті (273-214). Сөйтіп, АҚШ-тың 46-президенті атанды. Қазірдің өзінде сарапшылар Байденнің келуімен тек АҚШ ғана емес, әлемнің саяси-экономикалық өмірін үлкен өзгерістер күтіп тұрғанын айтып жатыр.
Трамптың жеңілуі, Байденнің билікке келуі сөзсіз, әлемдік саясатқа, сонымен қатар мұнай бағасы мен экономикалық хал-ахуалға да әсерін тигізеді. Оның ішінде, жаңа президенттің Қазақстан үшін де қаншалықты жайлы-жайсыз боларын бағамдау қызығырақ.
Сарапшы Асылбек Бисенбаев АҚШ-тың Қазақстанға қатысты тікелей стратегиялық жоспары жоқ, сондықтан кім президент болса да әсері шамалы деп есептейді.
«Қытайды қысып ұстау саясатын әрі қарай жалғастыруы ықтимал. Біздегі бар мұнай, газ сияқты ресурстар қазір керек емес. Әлем балама энергия көздеріне көшіп жатыр. Электрден қуат алатын ұшақтар ұшып, ғарыш игеріліп жатыр. Меніңше, Трамп бастамалары бірден тоқтамайды. Мәселен, миграциялық саясат»,– дейді ол.
Журналист Мейіржан Әуелханұлы жаңа президент жалғыз өзі ештеңе шеше алмайды деп санайды.
«АҚШ президенті біздің Елбасы сияқты бүкіл шешімді өзі қабылдайтын билігі шексіз тұлға емес. Мәселенің көбін АҚШ-тың қос палатасы шешеді. Заңдарды қабылдайды. Трамп тұсында, әрине, Қытайға ашық қарсылық, қысым, сауда соғысы, санкциялар болды. Ал, Байден ашық айғайға басып, қарсы тұрмаса да, бұл шектеулер жалғаса береді. Оның үстіне, мәселені бір ғана Қытайдағы қазақ тұрғысынан емес, тәуелсіз елдік тұрғысынан, егемедік мүддесінен де ойлау керек. Қазақ елінің экономикасына, елдегі халықтың жағдайына АҚШ-Қытай текетіресінің кері әсері тисе, онда ұйғыр дақпыртының астындағы «қытайдағы қазақ мүддесін» қоя тұру керек»,– дейді журналист.
Ал ОПЕК мүшелері Байденнің президент болып сайлануы мұнай саласына дағдарыс алып келуі мүмкін дейді. Егер жаңа президент Иран мен Венесуэлаға қарсы санкцияларды әлсіретсе онда ол елдердің мұнайы нарыққа шығып, энергоресурс бағасы құлдырауы ықтимал.
«Сондай-ақ Байден Ресейді АҚШ үшін басты қауіп деп атаған. Мұндай жағдайда Ресейдің ОПЕК+ қатарынан шығып кетуі мүмкін» деп жазады Reuters.
Сонымен қатар сайлау алды кампаниясы кезінде Байден АҚШ-тың Сауд Арабиясымен де қарым-қатынасын қайта қараймын деген болатын. Өз кезегінде Сауд Арабиясы да ОПЕК көшбасшысы екені белгілі.
Телеграмдағы Tengenomika каналының жазуынша, Байден қанша жерден Ресейді басты қауіп-қатер әкелуші ел деп санайтынына қарамастан, тым қатал қадамдарға бармайды.
«Біздің бағалауымыз бойынша АҚШ-тың Ресей экономикасы мен рубльге қиындық тудыратын қатаң санкциялар (мұнай-газ эмбаргосы, Ресейді SWIFT банктік есеп айырысу жүйесінен шығарып тастау, ресейлік мемлекеттік банктердің қызметіне тыйым салу, т.б.) сала қоюы екіталай. Өйткені ондай сценарий әлем бойынша геосаяси жағдайдың тым ауқымды түрде ушығып кетуіне әкеліп соқтыруы ықтимал. Бұл америкалық инвесторларға да, АҚШ жаңа әкімшілігіне де тиімсіз. Бірақ санкция болады, алайда ол мақсатты және шектеулі түрде болмақ. Рубльдің қазіргі құбылмалылығы және оның бағаланбау дәрежесі Байденнің билікке келуімен Ресей мен АҚШ арасындағы қатынастардың нашарлауы мүмкін екенін байқатады. Демек, Байденнің президенттігі кезінде теңгенің айырбас бағамы үшін айтарлықтай қатерлі тәуекелдерді көріп тұрған жоқпыз»,– деп жазады.
Экономистердің айтуынша, АҚШ үкіметінің фискалдық шығындары да маңызды рөл атқарады.
«Естеріңізге сала кетейік, демократтар мен Байденнің өзі экономиканы қолдаудың екінші пакетін (сәуірдегі 2,2 триллион АҚШ доллары мөлшеріндегі фискалдық бюджеттен кейін) белсенді түрде қолдайды, оған кеңейтілген әлеуметтік шығындар да кіреді. Бұл дегеніміз, АҚШ-тағы мемлекеттік шығыстар бірнеше рет және ауқымды түрде өскен жағдайда долларға қысым жасалады, дәл осы жылдың сәуір-тамыз айларында, сол кезде DXY индексі 99,6-дан 92,1-ге дейін түсіп, АҚШ доллары 6 пайызға дейін әлсіреп кетті. Бұл жағдайда дамушы елдердің валюталары (оның ішінде теңге де бар) айтарлықтай қолдауға ие болады. Осылайша, Джо Байден мен Камала Харристің билікке келуімен сланц мұнай өндірісі шектеліп, сауда соғысы тоқтап, АҚШ экономикасын қалпына келтіру мақсатында бюджеттік шығындар артпақ»,–деп жазады канал сарапшысы.