Қор нарығында немесе биржадан тыс нарықта, оның ішінде Орталық депозитарийдің есепке алу жүйесінде бағалы қағаздармен жасалған мәмілелерді тіркеу қалай жүргізілетіні жөнінде Fingramota.kz мәлімдеді.
Эмиссиялық бағалы қағаздармен мәмілелер қор нарығында немесе биржадан тыс нарықта жасалады және нақтылы ұстаушының немесе «Бағалы қағаздардың орталық депозитарийі» АҚ-тың (бұдан әрі – Орталық депозитарий) есепке алу жүйесінде не Қазақстан Республикасының заңнамасына және Орталық депозитарийдің немесе нақтылы ұстаушының ішкі құжаттарына сәйкес Орталық депозитарийдің бағалы қағаздарын ұстаушылар тізілімдерінің жүйесінде тіркелуге жатады.
Бағалы қағаздармен мәмілелер жасасу үшін жеке немесе заңды тұлғаларға уәкілетті органның тиісті лицензиясы негізінде бағалы қағаздар нарығында брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың (бұдан әрі – брокер) қызметтерін пайдалануға болады. Аталған ұйымдардың тізбесі ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсында орналастырылған.
Жеке шотты қалай ашуға болады?
Бағалы қағаздармен мәмілелерді тіркеу мақсатында бағалы қағаздарды есепке алу үшін не брокердің есепке алу жүйесінде, не Орталық депозитарийдің есепке алу жүйесінде (мәмілелерді тікелей биржадан тыс нарықта жасасу кезінде) жеке шот ашу талап етіледі.
Нақтылы ұстаушының немесе Орталық депозитарийдің есепке алу жүйесінде жеке тұлғаға жеке шот ашу жеке шот ашуға арналған бұйрықтың, жеке басын куәландыратын құжаттың және нақтылы ұстау туралы шарттың (брокердің қызметтерін пайдаланған жағдайда) негізінде жүзеге асырылады.
Нақтылы ұстаушының немесе Орталық депозитарийдің есепке алу жүйесінде заңды тұлғаға жеке шот ашу мынадай құжаттардың: жеке шот ашуға арналған бұйрықтың; заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтаманың немесе куәліктің көшірмесі; заңды тұлға өкілдері қолдарының нотариат куәландырған үлгілері бар құжаттың; нақтылы ұстау туралы шарттың (брокердің қызметтерін пайдаланған жағдайда) негізінде жүзеге асырылады.
Мәмілелерді тіркеу қалай жүргізіледі?
Орталық депозитарийдің есепке алу жүйесінде бағалы қағаздармен мәмілелерді тіркеу мәмілеге қатысушы тұлғалардың не брокердің тиісті қарсы бұйрықтары (клиент брокердің қызметін пайдаланған жағдайда) және осы операцияны заңнамаға сәйкес жүргізу үшін қажетті басқа да құжаттар негізінде жүзеге асырылады. Мәселен, Орталық депозитарийдің есепке алу жүйесінде бағалы қағаздарды мұрагерлікке алу операцияларын тіркеу үшін бағалы қағаздарды есепке алуға арналған бұйрықтан бөлек мұрагерлік құқығы туралы куәліктің түпнұсқасы немесе нотариат куәландырған көшірмесі қажет.
Бас тарту үшін негіздеме болған кезде Орталық депозитарий бағалы қағаздармен мәмілелерді тіркеуге бұйрықты орындаудан бас тартады, бұл жөнінде осы бұйрық берген тұлға хабарлауға міндетті.
Орталық депозитарий бұйрық белгіленген нысанға сәйкес келмеген, бұйрықта көрсетілген қаржы құралдарының ауыртпалығы, Орталық депозитарий клиенттерінің шоттарында ақша немесе қаржы құралдарының қажетті саны болмаған, мәмілелердің Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес келмеген жағдайда және басқа да себептер бойынша бұйрықты орындаудан бас тарта алады.
Орталық депозитарийдің есепке алу жүйесінде бағалы қағаздармен мәмілелерді тіркеу:
– бағалы қағаздармен мәмілелерді тіркеуге бұйрық берген тұлғаның өкілеттіктерін және осы бұйрық нысанының белгіленген талаптарға сәйкес келуін тексеру;
– іс-әрекеттер, бұйрықта көрсетілген іс-әрекеттерді жасау мүмкіндігін тексеру;
– клиенттің бағалы қағаздармен мәмілелерді тіркеуге арналған бұйрығын орындау туралы оған есеп жіберу қамтылады.
Бағалы қағаздармен мәмілелерді тіркеуге арналған бұйрықтың орындалуын Орталық депозитарий Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе Орталық депозитарийдің ішкі құжаттарында бұйрықты орындаудың өзге мерзімі көзделмесе, үш күнтізбелік күннен аспайтын мерзімде жүзеге асырады, Мәселен, жүргізу талаптарын қосымша тексеруді талап ететін мәмілелер 6 жұмыс күніне дейінгі мерзімде жүзеге асырылады.
Қор немесе биржадан тыс нарықта жасалған бағалы қағаздармен мәмілелерді тіркеу брокер және (немесе) Орталық депозитарий бағалы қағаздарды есептен шығару және есепке алу бойынша тиісті операциялар жүргізу, клиенттердің шоттары бойынша жазбалар енгізу арқылы жүргізіледі.