Ресурстар

Алматы карантинге жабыла ма? Сағынтаев пандемия әсеріне байланысты маңызды сауалдарға жауап берді

Дәстүрлі Almaty Investment Forum өтті

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев шаһардың карантинге жабылуына қатысты пікір білдірді. Әкімнің айтуынша, 15 желтоқсанда ешқандай карантин жарияланбайды. 

Мегаполисте өткен Almaty Investment Forum-ға онлайн қатысқан қала басшысы пандемия әсерінен сауда, қызмет көрсету, туризм, транспорт және логистика салаларының қатты зардап шеккенін айтты. Алайда байланыс қызметі, құрылыс, өнеркәсіп салаларында ептеп өсім байқалған. 2021 жылы толықтай қалпымызға келуіміз керек деген әкім даму бағдарын айқындайтын негізгі үш бағытты атады.

Оның алғашқысы – алматылықтардың өмірі мен денсаулығын қорғау. Коронавируспен күрес үшін қала бюджетінен 89,4 млрд теңге бөлінген. Соның есебінен тәулігіне 14 мың зерттеу жүргізілуде. 35 жедел жәрдем көлігі сатып алынып, 11 амбулатория салынған. Сондай-ақ алдағы бес жылда 1,9 мың орындық үш аурухана салу да көзделіп отыр екен. Сағынтаев қалада телемедицина орталығының іске қосылып, бұл салаға көмекке келетін инвесторларды іздеу жалғасып жатқанын да атап өтті. 

Екінші бағыт – дағдарысқа қарсы шаралар. Әкім бұл орайда халықтың іскерлік белсенділігін сақтау маңызды деп санайды. 

«Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы бойынша 9,7 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде 72 мың жұмыс орны құрылды. Оның 34 мыңы – тұрақты жұмыс орындары. Жалпы сомасы 102 млрд теңгеге 556 жоба қолдау тапты. 9 мың жұмыс орны сақталып қалды» деді әкім. 

«Қарапайым заттар экономикасы» аясында да 66 жобаға 121,2 млрд теңге қаражат салынған. Дәстүрлі өнеркәсіпті дамыту мақсатында индустриалды аймаққа 32,5 млрд теңге инвестиция салынбақ. Ал «Алатау» инновациялық технологиялар паркі арнайы экономикалық аймағында құны 400 млрд теңгені құрайтын жобалар қолға алынып, 6 мың жұмыс орны ашылмақ. 

«Туризм де назардан тыс қалмайды. Бұл салада 34 млрд теңгеге жобалар жүзеге асырылады. Сондай-ақ 15 млрд теңгеге төрт қонақүй құрылысы жүріп жатыр. Мың шақырымнан астам тау маршруттары цифрландырылды» деді қала басшысы. 

Үшіншісі – пандемиядан кейінгі даму кезеңі. 

Әкімнің айтқанынан ұққанымыз – енді Алматы ежелден қалыптасқан мәдени-рухани орталық қана емес, инновациялық және индустриялық қуатты орталыққа айналмақ. Сол мақсатта «Жаңа Алматы» жоспары бойынша алдағы бес жылда 943,7 млрд теңге қаржы салу көзделген. «Алматы халқының 37 пайызын 14-35 жас аралығындағы жастар құрайды. Жыл сайын қаладағы IT-мамандар санының өсімі 14 пайызға жетті. Қала келешекте жас таланттарды промоутеріне айналады» деді Сағынтаев.