Онлайн ойын жарнамасын жасап жүрген «алаяқтар» кімдер?
Соңғы уақытта Instagram желісінде онлайн ойындар арқылы ақша табуға шақыратын жарнамалар көбейді. Таргеттелген жарнама емес, блогерлердің аузына салынған сөз.
Мәтіні шамамен мынадай, бәлкім, сіз де бірнеше рет естіген боларсыз: «Достар, мен бүгін онлайн ойнап, 84 мың теңге ұтып алдым. Сіздер үнемі «сен осы ойын арқылы ақша табатын едің ғой, сілтемесін берші» дейсіздер. Сақтап алыңыздар деп бөлісіп жатырмын. Қазір осы жерге чекті де қоса саламын. Бастысы, 3 мың теңгеден бастап салып, біртіндеп ставка көтеріп отырасыз. Сонда сізге 50 мың бонус беріледі» деп скриншотталған сурет салады. Ол скринде блогердің телефонындағы басты бетте өз суреті және онлайн ойыннан банк картасына ақша түскені туралы хабарлама болады. Кәдімгі банк қолданбасындағы есепшоттың емес, жай ғана фотошоппен жасалуы оп-оңай хабарлама екенін есте ұстаған жөн.
Youtube желісінде Ave Adikus осы тақырыпта кеңінен көсілген.
«Бұрын қазақша контент аз кезде орыстілді блогерлерді жақтырмағанымыз рас. Орысша түсіргеніне ренжитінбіз. Ал қазір ойымды өзгерттім. Оған бірнеше себеп бар. Олар әр нәрсені жарнамалай бермейді, гив ұйымдастырып, кон-тентінің құнын түсірмейді. Керісінше, аудиториясына сапалы дүние ұсынады. Ал қазақша контент болса, мақтан, алаяқтық, түрлі байқаулардың символы болып кетті. Әрине, бәрі бірдей сондай демеймін. Бірақ ақша табу үшін алаяқтыққа баратындар аз емес» дейді блогер.
Жаппай жарнамаланып жүрген сілтемеге өтіп, қайда апаратынын көрелік. Мәселен күні кеше Гүлнар Әбдірова dengigames парақшасына сілтеді. Бұл жерде телевизиялық шоу бағдарламалар арқылы танылғандар, блогерлер мен вайнерлердің онлайн ойындарға жасаған жарнамалары жазба ретінде салынған. Әсіресе, Qos Like, бұрынғы «Қалаулым», «Кел, келінім» сынды бағдарламаларда аты шыққандар жиі жарнамалайды. Сонымен бірге екі күннің бірінде автокөлік, iPhone 12 ойнатып, оқырманды конкурс күшімен ұстап отырған «миллионниктер» де онлайн ойынға құмар. Әрине, өздері 3 мың теңге салып ойнап жатқан жоқ. 15 секунд stories салып, соған қыруар ақша алады.
Бұған дейін сценарист, блогер Ақарыс Әділжан желідегі парақшасына осындай жарнама жасаған досының айтқанын жариялаған еді. «Блогерлер аптасына үш рет салады. Әркім әр түрлі бағада: 40, 50, 100 мың тг. Осы жарнаманы салып, аптасына 200-300 мың теңгедей табады. Өздері мәтін, фото жібереді. Аккаунттар көп болғанымен, бәрі сол онлайн казиноға сілтеп апарады» депті жарнама жасап көрген танысы.
Қош, сонымен әлгі парақша профайлындағы сілтемеге кірдік. «Вулкан» онлайн казиносына қош келдіңіз деп шығады. «Джекпот ұту» деп бассаңыз, әрмен қарай тіркелуді талап етеді. Картаңызды жалғап, одан 3 мың теңге лезде алынады. Артынша, бірнеше ойын түрі шығады. Блогерлер «банан» ойынын ойнағаны жиі айтады. Ойнап көрсеңіз, ұтам деп ойламаңыз. Себебі берген бонусы «енді ұтып қалармын» деген оймен сол бойда таусылады. Ол жерде арнайы алгоритм жұмыс істейді. Яғни үш ұтыс, одан ұтылыс дегендей қайталанып тұрады. Ұтқан күннің өзінде ұтысыңызды дереу картаңызға салмайды. Бір тәулік кетуі мүмкін. Ал құмар ойынын ойнайтындар азартқа берілгіш екені анық. Сондықтан ұтқанын да түгел салып, артық қыламын деп тыртық қылуы ғажап емес. Негізі провайдерлер мен казино иелері нақты алгоритмді жасырын ұстайды. Бірақ бір анық: блогерлер айтатындай оңай ақша жоқ.
Бір айта кететін жайт, Ресейде онлайн-казиноға тыйым салынған. Интернет-провайдерлер олардың домендерін үнемі бұғаттап отырады. Бірақ ондай ресурс иелері өзге адреспен дәл сондай сайттың клонын жасап, бұғаттаудың орайын табады. Ал бізде тыйым салынбаған. Осы ретте біздің көзімізге түскен құмар ойындарын жарнамалаушы блогерлерді тізіп шықтық. Негізі бұл тізімді ұзын-сонар жалғай беруге болады. Дегенмен көзімізге нақты түскен, бір күнде stories-ке салғандарын ғана жариялап отырмыз.
erke_esmahan
B_alibek
Mila_sayanovna
daulet_kadyrov_666
saltanat.a.e
Niyazkulova96
baha_puper
ospanova.mm
Dakentiy_official
Bigsov95
Ahonberzhan
azafaza18
Di1yara09
_sajol
Bahticoman
Aidaserikova25
kuandyk_sagynyw
Mahmetova.guli
Erkewoka
Mamyrbekovv
jandos_samalbekov
Balzhankka
diko_ray
Olzhas_khodzha
Онлайн-казино жарнамасын жасайтын блогерлер қатарында дін жолында жүргендер да бар. Ал ислам дінінде онлайн-казино құмар ойыны саналады. Бұған қатысты ҚМДБ не дейді? fatua.kz сайтында:
«Дінге қайшы табыс табу жолдарына əуелі Алланың əмірі үшін жəне мұндай кіріс көзі басқалардың ақысын мансұқ еткендіктен тыйым салынған. Харам санатындағы табыс көздеріне келетін болсақ, олар мыналар: Есірткі, арақ-шарап, темекі саудасынан түскен табыс Ислам адамды ақыл-естен тандырып, өз іс-əрекетіне есеп беруден қалдыратын алкогольді ішімдіктер, есірткі, басқа да есеңгірететін заттардың саудасына тыйым салған. Бұл заттарды тауар айналымынан шығарған. Сөйтіп, көпшілік арасында маскүнемдіктің, нашақорлықтың кең жайылуының алдын алған. Бұл жолдағы саудагерлер қоғам үшін аса қауіпті қылмыскерлер. Олар үшін адам өмірі түк емес. Аз күндік бас пайдасына бола адамдарды шыңырауға құлатып қарап отырады. Əдетте, есірткінің дəмін татып, оған бой алдырған адамдар ақыл-ой, сана-сезім, ар-ождан, намыс-ұят секілді адами қасиеттерден жұрдай болады, сосын жан түршігерлік қылмыстарға бой ұрып, ауруынан айығуға күш-қайрат таба алмайды. Бұл тұтастай ұрпақтың, елдің ақысының бұзылғаны. Лотерея, бәс тігу ойындарынан түскен табысқа келсек, Құранның «Мəида» сүресінде құмар ойындарына тыйым салынған. Пайғамбарымыз құмар ойнамақ түгіл оған жол береді деген іс-əрекеттің бəріне қырын қараған. «Кімде-кім досына «кел, құмар ойнайық» деп ұсыныс білдірсе, садақа берсін» деген. Казино соғу, лотерея ойнату, букмекерлік кеңсе ашу, тотализатор ұстау секілді хараммен баюға дінімізде жол жоқ. Дінге қайшы жолмен мал жиған адам оны жаппай жақсылыққа жұмсаса да, күнəден құтыла алмаса керек. Ол қайтсе де басқаны алдап соққанының, көпе-көрінеу кісі тонағанының обалын мойнына жүктейді» делінген.