Қазақтың ұлы ақыны, ойшыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай, Павлодар қаласының орталық алаңына ескерткіш орнатылды.
Ақынның мүсіні – қоладан, тұғыры граниттен жасалған. Биіктігі – 5,25 метр. Тұғырға Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп…» деген cөзі жазылды. Ескерткіштің авторы – Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, мүсінші Асқар Нартов. Оның эскиздік жобасын ҚР Мәдениет және спорт министрлігі жанындағы Қазақстандағы монументалды өнердің жаңа құрылысын орнату жөніндегі комиссия мүшелері таңдады.
«Бұл – ұлы құндылықтар мен руханиятты еске салып тұратын қасиетті мүсін. Абай жазбаларының жаңғырғы осы күнге жетті. Ақынның әр сөзі көпшіліктің жанына қуат, рухына жігер, санасына ақыл беретініне сенімдімін», – деді ескерткіштің ашылу рәсіміне қатысқан Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов.
Салтанатты рәсімге абайтанушы, қазақ философиясы тарихын зерттеуші Ғарифолла Есім, опера әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Шахимардан Әбілов және өңірдің зиялы қауымы қатысты. Қонақтар жаңа ескерткішке гүл шоқтарын қойып, оның қаланың басты әрі көрікті жерлерінің бірі болатынына сенім білдірді.