Биыл халықаралық аренада қазақстандық оқушылар 67 алтын, 125 күміс және 195 қола медаль жеңіп алды. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігінің ресми Telegram каналы хабарлады.
Ең беделді жарыстарға қатысу қорытындысы бойынша Қазақстан әлемнің 110 елінің арасында бейресми командалық есепте үздік 30 елдің қатарына енді. 1998 жылы еліміз 50-ші орынды тұрақтағанын естеріңізге сала кетейік.
Пандемия кезінде цифрландыру саласы оқушыларды, соның ішінде шалғай ауылдардан келген балаларды интеллектуалды жарыспен қамтуға мүмкіндік берді. «Дарын» орталығы олимпиадаларға дайындалуға көмектесетін онлайн-мектепті іске қосты. Барлық балаға онлайн олимпиадалар мен зияткерлік жарыстарға қатысу мүмкіндігі беріледі.
Әр бала өз білімін кезеңдік іріктеуден өтпей-ақ тексере алады. Шығармашыл балалар да өз талантын онлайн режимде көрсете алды, ал ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар үшін «Шексіз өмір» байқауы өткізілді.