Ресурстар

Тоқаев бірқатар заңға қол қойды

Оның ішінде зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алу туралы заңға қол қойды

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады. Бұл туралы Ақорданың ресми сайты хабарлады. 

Аталған Заңға сәйкес, Қазақстан азаматтары Бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қорындағы жинақтарының бір бөлігін пайдалана алатын болады. Заңға сәйкес 2021 жылдан бастап қазақстандықтарға зейнетақы жинақтарының бір бөлігін аталған мақсаттарда пайдалану құқығы берілетін болады. Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін нақты қажеттіліктерге пайдалану құқығын келесі азаматтар пайдалана алады:

– жұмыс істейтін, тиісті жаста зейнетақы жинақтары «жеткіліктілік шегінен» асатын азаматтар;

– сақтандыру компанияларымен БЖЗҚ-да қалған зейнетақы жинақтарының сомасы шегінде өмір бойы аннуитеттік төлемдерді қамтамасыз ететін зейнетақы аннуитеті шарттарын жасасқан адамдар;

– зейнеткерлікке шыққан азаматтар – БЖЗҚ-да қалған зейнетақы қаражатының 50%-ынан аспайтын шекте.

Сондай-ақ бүгін мемлекет басшысы «Өлім жазасының күшін жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге Екінші Факультативтік Хаттаманы ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.