Алматының капиталына триллионнан астам инвестиция тарту жоспарланған

Жарияланды
2021 жылы

Алматының негізгі капиталына 2021 жылы триллионнан астам инвестиция тарту жоспарланған. Бұл туралы Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен аппараттық жиында ағымдағы жылы инвестициялық жобаларды іске асырудың барысы қаралды. Қабылданған жүйелі шаралардың арқасында Алматы елдің инвестициялық барынша тартымды қалаларының біріне айналды.

Биылғы жылы қала өнеркәсіп, құрылыс, денсаулық сақтау, білім, мәдениет, сауда және қызмет көрсету салаларында бірден 92 жобаны жүзеге асыруды жоспарлауда.

Инвестиция тартуда тұрғын үй, өндірістік және әлеуметтік нысандарды салу негізгі қозғаушы күш болып табылады.

Мәселен, жылжымайтын мүлік саласында жалпы сомасы 66,9 млрд тг болатын 34 көпсалалы тұрғын үй кешенін пайдалануға беру жоспарланған.

Өнеркәсіп саласында жалпы сомасы 37,6 млрд тг құрайтын 20 жобаны, Индустриалды аймақ аумағында 10 жобаны («Novus Polymer», «Valtherm», «Astana Invest» Корпорациясы», «Nedex Almaty», «City Stone», «Каз-Диа-Тест ЖШС және басқалары), қала аумағында 5 жобаны («Казферросталь»,«Интермультсервис», «Serebro Profit», «ТоргСтрой» ЖШС, «Евразиан Фудс Корпорэйшн» Ақ) жүзеге асыру жоспарлануда.

Бұлардан өзге, жыл соңына дейін қалада құны 2,85 млрд тг болатын 5 өнеркәсіптік парк («KazStroyTrade», «ADS Industries», «Ala Estate», «D&J Investments & Logistic», «Asia Prom Textile» ЖШС) іске қосылып, 1400 жұмыс орны ашылатын болады. Қазіргі кезде компаниялар құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуде. Бүгінгі күні өндірістік парктер инвесторлары 19 кәсіпорынмен жалға берудің алдын ала шарттарын жасады.

Сондай-ақ, жалпы құны 31,8 млрд тг болатын 14 әлеуметтік жобаны, оның құрамына спорт және өнер орталығы («High Tech Academy» Қазақстандағы алғашқы инновациялық жобалық мектеп), «Helmer» медициналық оңалту орталығы, Орта Азиялық экологиялық зерттеулер институты, «Демеу Қоры»АҚ ның балет театры енген, сауда және қызмет көрсету саласының жалпы сомасы 22,5 млрд тг болатын 24 жобаны іске асыру жоспарланған. 

Бұл жобаларды  жүзеге асырған кезде 5000-нан астам жұмыс орны ашылатын болады. Сонымен бірге, инвестиция тарту көлемі триллион тг деңгейінен асады деп күтілуде.

Еске салсақ, 2020 жылы Алматының негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 971,2 млрд теңгені құрады. Қалада жалпы құны 175 млрд тг болатын 51 жоба орындалды.

Сондай-ақ оқыңыз