Қазақстан тағы да «сары» аймаққа кірді

Жарияланды
Елімізде соңғы айда індет бойынша эпидемиологиялық жағдай нашарлаған

Қазақстан тәуекелі төмен жасыл аймақтан  орташа қауіпті сары аймаққа ауысты. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Елімізде соңғы айда коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдай нашарлаған. Қазақстан тәуекелі төмен жасыл аймақтан орташа қауіпті сары аймаққа ауысты. Бұл туралы Мемлекеттік бас санитарлық дәрігер Ерлан Қиясов мәлімдеді.

 «Қостанай және Ақмола облыстары  орташа  қауіпті сары аймақтан  қызыл аймаққа ауысты. Қазір тәуекелі орташа аймақта немесе сары аймақта Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Атырау облыстары тұр. Сондай-ақ, соңғы айда Батыс Қазақстан облысы жасыл аймақтан сары аймаққа көшірілді. Қалған өңірлер жасыл аймақта», -деді Е.Қиясов.

Қазақстанда 13 қаңтардағы жағдай бойынша 164 477 науқастан  COVID-19   және  46 499 пациенттен КВИ- анықталды.

Науқастардың 87% сауығып шықты, оның ішінде 150 427 науқас КВИ+ және 34 118 науқас КВИ- шалдыққан.

Биыл 13 қаңтардағы жағдай бойынша төсек орынның 30% (5 732 төсек) науқас бар. Реанимациялық төсектердің 20% (357 төсек) бос емес.

13 қаңтардағы жағдай бойынша мемлекеттік шекарада 859 адамнан КВИ анықталды.

Бүгінгінде 5 млн-нан астам зерттеу жүргізілді, күн сайын зертханаларда 40 мыңға дейін тест жасалады, тәулігіне 100 мыңға жуық зерттеу жүргізе аламыз.

III тоқсаннан бастап оқыту форматы өзгертілді, мектеп бітіретін сыныптар (9, 11 (12) сыныптар) үшін құрамдастырылған оқытуға, сондай-ақ колледждер мен жоғары оқу орындарының бірінші курс студенттері үшін оқу жылының екінші семестрінен бастап штаттық оқытуға рұқсат етілді.

Маска тағу, дәлізде, кабинеттер арасында жүруге шектеу қою, санитайзерлерді пайдалану сияқты барлық сақтық шараларын сақтау қажет.

Сондай-ақ, Мемлекеттік бас санитарлық дәрігер қыркүйекте Англияда анықталған коронавирустың жаңа штаммына (MERS-CoV-2 VI 2012/01) да тоқталды. Бүгінгі таңда вирустың осы типі бірнеше елде, оның ішінде Австралия, Дания, Италия, Исландия, Нидерланд, Ресей және басқа да елдерде анықталды.  

 «Алдын ала деректер бойынша аталған вирус жастар арасында белсенді таралуда. Бірақ індетті зерттеу жалғасуда. Қазақстанда вирустың бұл типі анықталған жоқ. Вирустың ауа-тамшы арқылы берілу механизмін ескере отырып, оның елімізге тасымалдау қаупін жоққа шығаруға болмайды», – деді Е.Қиясов.

Мемлекеттік бас санитарлық дәрігердің айтуынша,  елімізде эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауы азаматтардың сақтық шараларына немқұрайлы қарауының салдары.

 «Сондықтан, қонаққа бармауға және қонаққа шақырмауға, жеке гигиена және респираторлық гигиена ережелерін сақтауға, қоғамдық орындарда қашықтықты сақтауға, медициналық маска тағуға, антисептиктер қолдануға шақырамын», -деді вице-министр.
 

Сондай-ақ оқыңыз