Қалетаев:Сотталғандарға тыйым салынған заттарды беру тәсілдері таңқалдырады

Жарияланды
ШҚО түзеу мекемелеріне жыл басынан бері тыйым салынған 17 телефон мен 5 литр спирт тәркіленді

 Жыл басынан бері ШҚО түзеу мекемелеріне тыйым салынған заттарды өткізудің бірнеше дерегінің жолы кесілді, жазасын өтеп жатқан сотталғандарға жеткізілген сәлем-сауқаттан 17 телефон мен 5 литр спирт алынды, – деп хабарлайды Polisia.kz сайты.

Соңғы аптада үш мекемеде төрт ұялы телефон, екі литр спирттік ішімдіктер тәркіленді. Жыл басынан бері тыйым салынған заттарды мекемелер аумағына жеткізудің 20-ға жуық фактісі тіркелді. Барлық жағдайлар бойынша әкімшілік материалдар жинақталды. Барлығы 17 телефон және шамамен бес литрдей спирттік ішімдіктер тәркіленді.

 «Сотталғандарға тыйым салынған заттарды беру тәсілдері таңқалдырады. Мысалы, мекемелердің бірінде тез дайындалатын кеспеден телефон табылды, ал чипстерде целлофан пакетте құйылған спирт жасырылған, – деді» ШҚО бойынша ҚАЖД бастығы Джанболат Қалетаев.

Сондай-ақ, сотталғандарға сәлем-сауқат әкелген жақындары сусын ішуге арналған түтікшелерге гашиш салып, екі жағын скотчпен орап, оны тіс пастасына тығып кіргізбек болған. Алайда, қырағы қызметкерлер тыйым салынған заттарды дер кезінде анықтады.

Сотталған азаматтардың жақындары түзеу мекемелеріне тыйым салынған заттарды әкеліп қана қоймай, қоршау арқылы лақтыратын кездер де аз емес, жыл басынан бері осындай екі факт тіркелген. Ал кейбір жағдайларда қауіпсіздігі барынша төмен колонияда жазасын өтеп жатқан сотталғандар жұмыстан колонияға оралғаннан кейін өзімен бірге тыйым салынған заттарды алып өтуге тырысады. Мәселен, өткен аптада 20 жастағы сотталған іш киіміне ұялы телефон тығып, кіргізуге тырысқан.

Айта кететін жайт, ШҚО-ның барлық түзету мекемелері металл іздегіштермен, бейнетіркегіштермен және рентген-телевизиялық аппараттармен жабдықталған.

 

Сондай-ақ оқыңыз