2015 жылдан бастап ескі автомобильдер үлесі 8% төмендеді
2015 жылдан бастап ескі автомобильдер үлесі 8% төмендеді. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақстанда 870 318 жеңіл автокөлік бар. Оның 64,5% – шығарылғанына 10 жылдан асқан көліктер.
2015 жылы олардың үлесі 72,5% еді. Содан бері бұл көрсеткішті төмендету үшін елімізде қайта өңдеуге төлем енгізу және жеңілдетілген автонесие түрінде мемлекеттік ынталандыру шаралары қолданылды. Нәтижесінде ескі көліктер саны 8% азайды.
10 жылдан асқан автокөліктер Алматы облысында ең көп тіркелген (барлық ескі автокөліктердің 15,5% немесе 385 720 бірлік). Ең азы – Атырау облысында (1,5% немесе 36 945 бірлік).
Жаңа автокөліктер (3 жылдан аспаған) Нұр-Сұлтан (барлық жаңа автокөліктердің санынан 13,7% немесе 63 266 бірлік) және Алматы (16,9% немесе 78 079 бірлік) қалаларында тіркелген. Жаңа автокөліктер Жамбыл (1,8% немесе 8 111 бірлік) және Түркістан облыстарында (1,9% немесе 8 877 бірлік) ең аз тіркелген.