4 пайызбен көлік алу үшін не істеу керек?

Жарияланды
Онлайн кезекті қарап отыруға болады

         Әр қазақстандықтың отандық темір тұлпар тізгіндеуіне мүмкіндік беретін жеңілдетілген автонесие биыл да жалғасын тапты. 2015 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан бастаманың төмен пайызбен берілгенінің арқасында талай адам көлікті болды. Әзірге бұдан тиімді бағдарлама жоқ. Сондықтан осы жылы қандай өзгеріс барына және өзге де ақпараттарға тоқталғанды жөн көріп отырмыз. 
      Жеңілдетілген автонесиеге талас көп. Дегенмен бәріне бірдей берілуі екіталай. Өйткені бөлінген сома шектеулі. Алғысы келетін адамдардың көп болғаны сонша, ұзын сонар кезек қалыптасып үлгерген. Осыны ескере келе, биыл кезекті бақылап отыратын мүмкіндік берілді. Жалпы автонесие туралы қысқаша айтып өтетін болсақ, мұның аясында тек жаңа және отандық өндірістің автокөлігін ала аласыз. Яғни автонесие беру арқылы отандық автонарықты дамыту жоспары жатыр. Аталған мемлекеттік бағдарламаның қазақстандықтар арасында аса танымал болуына жергілікті зауыттарда құрастырылған көліктер бағасының салыстырмалы түрде арзан болуы және пайыздық мөлшерлеменің төмен болуы себеп болып отырғаны белгілі. 
                                                               Шарттары қандай?
     Көп созбай, қандай шарттары бар екенін келейік. Бірінші кезекте, жылдық сыйақы мөлшерлемесі жылына 4 пайыздан аспауға тиіс. Ал ішінде түрлі комиссиясы бар тиімді мөлшерлеме болса, ең көп дегенде 7,5 пайыз болуы керек. Бұл дегеніміз қосымша комиссиялар ұстамайтын банктерден рәсімдеген жағдайда пайызы өте аз болатынын білдіреді деген сөз. Бәріне қызығы — қанша теңгелік көлік алуға болатыны. Автокөлік құны 15 миллион теңгеден аспауы қажет. Ал максимум созғанда, несиені 7 жылға рәсімдей аласыз. Алғашқы жарна болса, әр банкте әр түрлі. Көбінде 10 пайыз шамасында. Тіпті 5 немесе 0 пайызбен де беретіндері кездеседі.  
                                                         Ерекшеліктері бар ма?
     Автонесие десек те, мұнда біраз өзгешелік бар. Соның ішінде, шарттарының ішіне жатқызатын ерекшелік жайлы айтайық. Несиеге машина алған адам құнын төлеп бітпейінше оның астындағы көлігі кепілзат саналады. Яғни оған КАСКО сақтандыруын рәсімдеу міндетті. Оның бағасы жылына қымбат болуы да мүмкін екенін ескеру керек. Қандай сақтандыру компаниясының көмегіне жүгінгісі келетінін несие алушы өзі шешеді. Егер сақтандыруға қатысты, немесе келісімшарт аясында қандай да заң бұзушылық бола қалса, міндеттер орындалмаса, қарыз алушы банкке айыппұл төлейді. Жеңілдетілген автонесиенің мемлекеттік бағдарлама екенін айттық. Демек мемлекет есебінен қаржыландыралатындықтан, клиенттер тарапынан сұраныс өте қатты өсіп кетсе, автосалонға қаражат уақытылы түспей, сәйкесінше, машинаны алу жағынан да мәселе туындауы мүмкін.   
                                            Нешінші екеніңізді қалай тексере аласыз?           
     Алдымен, мұның несие екенін еске саламыз. Яғни жеңілдетілген автонесие бағдарламасы шеңберінде көлік алғысы келген адам алдымен банкке барады. Ол жерге қандай сомаға, қай көлікті алғысы келетінін айтады. Артынша қарыз алғалы отырған адамның кредит тарихы, төлей алатыны не алмайтыны қарастырылады. Бұл дегеніміз, бәріне бірдей мақұлдай бермейді дегенді білдіреді. Егер бәрі оңынан болып, сізге рұқсат етілген болса, кезекке тұрасыз. Айналымдағы қаражат автосалонға бірден аударуға жеткіліксіз болғандықтан, бұған дейін де ұзын сонар кезек қалыптасатын. Бірақ ол кезде қарыз алушылар өзінің тізімде нешінші болып тұрғанын қарай алмайтын. Биылғы ерекшелік сол — бақылап отыра аласыз. Бірнеше қазақстандық банк қазіргі таңда кезегін білуге мүмкіндік беретін сервистер шығарды. Соның арқасында, өтініш нөмірі не ЖСН бойынша кезекті қарауға болады. Ол кезекті қалай білемін десеңіз, несие рәсімдегелі жатқан банктің ресми сайтына кіресіз. Сол жерден ақпарат ала аласыз. Жеңілдетілген автонесие алуғаберілген кредиттік өтініштердің берілуіне байланысты электронды кезек жаңартылып отырады деседі.
                                                Қай банктер қатысады?
     Ал енді тағы бір маңызды сауалға жауап берейік. Жеңілдетілген автонесиемен көлік алу үшін мына банктерден кредит рәсімдеуге болады:  
•    Банк ЦентрКредит;
•    Еуразиялық Банк;
•    ForteBank;
•    Halyk Bank; 
•    Сбербанк;
•    ВТБ банк (Қазақстан).
                                    Бұрындары қанша адам көлікті болған?
     Бұл сұрақ та көпшілікті мазалайды. Қазақстанның Даму банкі берген мәліметтерге сүйеннсек, 2019 жылдың наурыз айында 13 мың қазақстандық жалпы сомасы 57,4 млрд теңгеге автонесие рәсімдеген. Ал 2020 жылдың сәуір айында саны 20 мыңнан асып жығылған. Кредиттердің жалпы Сомасы — 98,05 млрд теңге. 2021 жылдың 28 қаңтарына дейінгі уақытта алты банк тарапынан 26 958 кредит рәсімделген. Сома мөлшері 135,8 млрд теңге болған. «Автонесие алу процедурасы қарапайым болғанымен, көпшілігі көлікті алу үшін айлап күтіп қалады. Жыл өткен сайын қаржыландыру көлемі артып жатыр. Дегенмен сұраныс өте көп. Сол үшін де кезек пайда болады, көп уақыт алады. Қазіргі таңда өтініш мәртебесін онлайн қарап отыруға мүмкіндік беретін сервистер шыққалы бәрі тіпті ашығырақ бола түсті» дейді Қазақстанның Даму банкінің баспасөз қызметі. Бір айта кетерлігі, ҚДБ жеңілдетілген автонесие бағдарламасының 2015 жылдан бері операторы болып келе жатыр. Банк Ұлттық банктегі екінші деңгейлі банктердің арнайы есепшотттарынан қаражаттың алынуын келістіріп, бағдарламаның негізгі үш шартының орындалуын қадағалаумен айналысады. Бұған дейін де атап өткеніміздей, бір көліктің максимал құнынан асып кетпеуін, сыйақы мөлшерлемесінің сәйкестігі мен несиені қанша жылға рәсімдейтіні Қазақстанның Даму банкінің бақылауында болады. 

          Ал өтінішті қарау, мақұлдаумен серіктес банктер айналысады. Сіз берген өтініш ең ұзақ дегенде үш жұмыс күні ішінде қаралуға тиіс. Бүгінге дейін Қазақстанның Даму банкі жеңілдетілген автонесие бағдарламасы аясында 82 млрд теңгеге 6 транш жіберген: екі транш Ұлттық қордан, 2015-2016 жылдары 26 млрд теңгеге; республикалық бюджеттен 2018-2019 жылдары 16 млрд теңгеге 2 транш; «Қазақстанның тұрақтылық қоры» АҚ-дан 40 млрд теңгеге облигациялар шығару арқылы 2 қарыз алынған.     
 

Сондай-ақ оқыңыз